Жайнақовтың жылыжайы жайнап тұр

Жылыжайларды дамыту бүгінгі күннің өзекті мәселесі екені рас. Себебі, өзіміздің бақша піскенше өзгеге мойын созатынымыз базар бағасын қымбаттата түсетіні ақиқат. Қыс бойы базар қатарындағы қияр-қызанақ, аскөк, көк жуа секілділерді баға қымбатына қарамай сатып алып жатып, өзімізде қашан болады екен деген тілек қайсыбір кісі болмасын көкейінде болатыны шындық. Көршілес аудандардың өзі көктем басталса, «көктеп, көгеріп» шыға келетініне қызыға қарайтын, тіпті, қызанақ, қиярлардың да аузымызға кештетіп барып тиетінін осы күнге дейін мәселе етіп айтып келеміз. Өткен жылы мезгілінен кеш болса да, көкөніске қысы-жазы қарық болатын қала тіршілігінен сабақ алып, биыл ерте қимылдауға, өзіміздің жылыжайда өсіру мәселесі аудан билігі тарапынан айтылмай жүрген жоқ. Биылғы ерекше қыс қаттылығынан аман-есен өтіп, «өлмеген құлға болды жаз» дегенмен көктемгі қарбаластың тақырыбы ерте қозғалды. Көктем болса да, ауданды көкөніспен қамтуға жылыжайдың ықпалы мол болатыны сөзсіз. Өзінің елге есеп беруінде аудан басшысы ауданда жылыжайлардың жұмыс істей бастағанын ерекше атап айтуы тектен-тек емес. Демек, көктем басталысымен жылыжайлар өнімі осы жазда нәтижесін бере бастауы керек. Жазғы қарбалас тіршіліктің бастауына айналған жылыжайлар жайын байқамақ мақсатпен Боралдайда орналасқан жылыжайды аралап көрдік.

Біз «Мырза» шаруашылығының шағын жылыжайына аялдадық. Диқаншы Абай Жайнақовтың осы жылыжайда жұмыс істеп жатқанына небәрі 2 жыл ғана уақыт болыпты. Бұл отбасында жылыжай өнімі қыс бойы асханасынан үзілмейтін көрінеді. Аумағы 3 соттық жылыжайда қияр мен қызанақ жыл алмасып кезекпен өсірілетін көрінеді. Мәселен, биыл қызанақ өсіруге басымдылық берілсе, ендігі жылы қиярды молынан өсіреді. «Бұл сәбиді күткендей тіршілік. Ерекше ықыласпен баптап, күте білмесең, өнім ала алмайсын. Бір сәт назардан тыс қалдыруға болмайды. Тіпті, тілін тапсаң, сөйлейді де. Ауырғанын, мазасы болмай тұрғанын айтады» дейді агроном. Қыс бойы жердегі барлық тіршілік иелері жылы жерді іздейтіні белгілі. Яғни, қыс күндері жылыжайды паналағысы келген құрт-құмырсқа, бақа-шаян, жыландармен күресуге тура келеді екен. Мұнан бөлек қыс суығында жылыжай температурасын бірқалыпты ұстап, өнімді тоңдырып алмау үлкен еңбекті қажет етеді. Әрине, жылыжайды жылумен қамтамасыз ету үшін бұл жай ғана мәселе емес екені белгілі. Шынында да, биылғы көктемнің суығында жылыжай іші бір сәтке суымапты. Көкөніске қажетті жылылық бірқалыпты сақталған. Дегенмен, суықта алаңдамас үшін жылыжайға түнеген күндер аз болмағанға ұқсайды. Мұнан бөлек, көкөністің өз деңгейінде өсіп, өнім беруі үшін 17 сағат күннің энергиясы қажет екен. Қыс мезгілінде тұманды күндер бола қалса, арнайы лампа қосуға тура келеді. Суық күндері бір күнде 50 литр жанармай жағыпты.

Күн жылына келе 20-30 литрден кетсе, кейіннен күннің өзінің қуатымен-ақ жылыжай ішін жылына бастағаннан соң жылуды мүлдем тоқтатыпты. Уақытылы суару, тыңайытқыш беру секілді көзге көрінбейтін, күтіп-баптау тіршілігінің аз емес екенін айтты жылыжай бабын тапқан баптаушы. Жылдағыдай жылыжайда көкөніс егу жұмысы сәуір айында басталса, небәрі наурыз айының ортасына қарай өнім бере бастапты. Жылдағы тіршілікпен бұл жаздың шілдесіне дейін жалғасып, осы уақыт ішінде аядай жылыжайдан 1,5 тоннаға жуық қызанақ, 500 келідей қияр жиналыпты. Сондай-ақ, осында жұмыс істейтін тек өздерінің отбасы адамдары екен. Басқа сырттан келген ешкім жоқ. Жылыжайда биыл эксперимент ретінде көкөніс дәндері себіліпті. Боралдай табиғатына төзімді келетін түрлері таңдалып алынған. Бұл эксперимент көшеттер келешекте жылыжайға да, үй алаңына да отырғызылады деп жоспарлануда. Жылдағыдай көшетті өзгеден сатып алмай, өзіміз ұқсатайық деген мақсатпен жасалған тәжірибенің азды-көпті кемшілігі де жоқ емес. Көшет жұмысы ерте жасалып, бүгінде жылыжай ішінде гүлдеп тұрғандары да бар. Ең бастысы, бастама жақсы. Алдағы уақытта өздерінің көшетінен мол өнім алатын жағдайға жетеді деген сөз. Аядай жылыжай болашақта үлкен жылыжайларға айналатын жоспар да жоқ емес екен. «Отбасымызбен ақылдаса келе үлкен жылыжай салу жоспарын құрудамыз. Жаңа жылыжай салынса, қыс мезгілінде қауын-қарбыз, құлпынай, лимон егетін боламыз» дейді агроном Абай Жайнақов. Жылыжайдың қыр-сырын меңгерген маман негізінен арнайы кітаптарды көбірек оқитынын, жылыжай шаруашылығына қатысты кітаптар, жаңалықтар болса, оқудан, үйренуден әлі де жалықпайтынын байқатты. «Ақылшым -кітап» дейді жылыжай жайын меңгерген агроном. Басқа да аудандарда орналасқан жылыжайларың жұмысымен танысып, тәжірибе алмасудан ерінбейтін көрінеді. Қайтсем де егін егу ісіне «инновацияны» енгізіп, оны ауылдағы ағайындарға да үйретсем деген басты арманына жетуден еш шаршаған емес. Оның айтуынша, жылыжайға лайықталған соңғы технологиямен дайындалған қауын-қарбыз сорттары 20 күнде піседі екен. Әрине, бұл алдағы уақыттың еншісіндегі жоспарлар. Жаңалыққа жаны құмар Жайнақовтар отбасы шаруашылықтын ісін жан-жақты дамыту үшін аянбай еңбек етуде.

Үйінің ар жағындағы алаңқайға орналасқан бау-бақша өзінше бір әлем. Мұндағы орналасқан жылыжайды, алма бауын, бидай, жоңышқа алқабын диқаншы Абай асықпай аралап көрсетіп, жасалып жатқан тіршіліктен хабардар етті. Тиянақты етіп орналасқан жылыжайға жылу жүйелері тартылып, арнайы қатты отынмен жанатын, жылуды қамтамасыз ететін пештер, күннің «орнын басатын» жарық шамдары тартылып, құнарлы топырақ төгіліп, жылыжай жасауға ерекше мән берілгені байқалады. Жылыжайға италияндық там­шы­латып суару қондырғысын ор­натқан. Компьютермен басқары­ла­ды. 5 минөтте су бой­ын­дағы тыңайтқыштарымен жылыжайдағы өнімдерге барады.

Жылыжайда негізінен көкөніс өсіруге ерекше мән берілсе, мұнан бөлек болгар бұрышы, қызыл бұрыш, редиска, аскөк, көк жуа, салат жапырағы өсіріліп жатыр екен. Көктің алды бітуге таяп қалыпты. Біз барған тұста мамандар қызанақты жинап жатыр екен. Жылыжай қызметкерлері өз ісінің нағыз маманына айналған. Бұл жерде жайқалып өскен әрбір өнім олардың қыс бойғы тынымсыз еңбегінің нәтижесі екені даусыз. Жылыжайға мән бере бастаған боралдайлық жігіттердің алғашқы қадамы сәтті басталғандай. Бұл қарқын алдағы уақытта қыс бойы сырттан келген өнімді базар қатарынан ысыратын жағдайға да жетіп қалар. «Боралдайдың жылыжайынан» деп көкөніс жегенге не жетсін?!

Абай, Асқар, Айдар, Қайрат! Бір отбасының тай-құлындай тебісіп өскен сай­дың тасындай азаматтары. Боралдай өңірінде ауылшаруашы­лық өнімдерін өсіру мен өңдеуде бұл саладан да мол табыс болады екен-ау деп жұртшылықтың көкі­ре­гіне үміттің үлкен отын жаққан аза­маттарыңыз осы. «Мырза» шаруа шарушылығының тасын өрге домалатып жүріп, ауданның абыройын асқақтатуға да зор үлесін қосып келеді. Барлығы да жоғары білімді азаматтар заман ыңғайы нарыққа ауыса бастағанда дипломдарын уақытша сандыққа салып, кәсіптің жалына жармасыпты. На­рық теңізінде бұлардың қинала еңбек еткендері бүгінде артта қалды. Қазір Абай інісі Қайратты жылыжай ісіне үйреткен. Айдар мал бордақылау ісімен шұғылданса, ал Асқар орталықтағы шағын дүкенінің жұмысын дөңгелетуде. «Жұмыла көтерге жүк жеңіл» дегендей, қандай жағдай болмасын ағайынды жігіттер бір-біріне демеу беріп, көмектерін көрсету арқылы осындай жетістіктерге жетіп отыр.

Әуелдегі біздің барлық кәсіпкерлер өткен жол — “ал да сат” деген саудада бақтарын сынап көрген. Жеміс-жидектерді қаладан алып, Боралдай өңіріне пұлдайды. Біраз қаражат құрап алғаннан кейін, ойлана келе ауылда өздері диқаншылықпен айна­лы­са­ды. Көзтүрткі қылып, кеудеден итер­ген ешкім жоқ.

Халқымызда “ер туған жеріне” деген қанатты сөз бар. Обалы қане, қолдарында қар­жы­сы бар, ауылшаруашылық өнім­дерін өсірсек деген жі­гіт­терге аудан әкімдігі тарапынан көмектер берілуде. Бизнес-жоспарларымен та­нысқаннан кейін жылыжай кірісуге ықылас танытылған. Осылайша 3 соттық жерге жылыжай салынған. Құрал-саймандары бар, орнатып беру жағы бар, қысқасы анау-мынау шығындарды қосқанда 300 мыңнан аса қаржы жұм­сал­ған. Өткен қыста 400-500 мыңның қызанақ, қияры сатыл­ған. Бір жылдың ішінде шығын толық өтелді деп отыр.
Біз барған қарсаңда қызанақ, қияр жиналып, аз ғана қалыпты. Бірер күнде жылы­жай­дағы дайындалған орынға жаңа көшеттер егіледі. Осындай тынымсыз тіршілік жыл бойы жалғасын табады. Біраз шығын кеткені­мен көкөніс өте бітік өсуде.

Орайын тапсаң істің оязы келе берер екен. Қызанақ пен қиярды өзіміздің ауданымыздағы дүкендерге жібергеннен бөлек, Қарабұлақ ауылы мен Шым­кент қаласының базарларына тасымалдайды. Ал, Алматыда килосы 400-450 теңге де жөнелткен екен. Ұзақ жолда қызанақ жаңа үзіп алын­ған сәтіндей болу үшін не амал жасау керек. Кәдімгі банан таси­тын жәшіктердің ішінен кленка қаптап, қызанақ толтырғаннан кейін, езіліп қалмауы үшін үсті майыспайтындай картонмен жабылады да мұз толтырылған құтылар байланады.Тоңазытқыш десеңіз жарасар. Қызанақты бір апта жолда ұстасаңыз да сөлін, үзіп алынғанындай қалпын жой­майды екен.

Талап­тары таудай жігіттер келер жылы тамшылатып суару арқылы бау-бақша көлемін ұлғайтпақшы. Сонда осыдан алынған өнімнен-ақ күреп пайда табуға, әрі қосымша ауыл азаматтарын жұмысқа тартуға болады.
– Бұл жігіттер елге өнеге бола­тын ірі істер атқарып жатыр екен. Бізде жерді алуын алғанымен он жылдап пайдалана алмай жүргендер бар. Ал, бұлар аядай жерде бірнеше шаруаларды атқарып отыр. Әмбебап десе де болады. Егінді де егеді, малды да асырайды, аудан, облыс көлемінде болатын жәрмеңкелерден де тыс қалмайды, – дейді Боралдай ауылдық округі әкімінің орынбасары Асылхан Тоқтамысов.

Иелігінде 5 гектар бидай, суармалы 5 гектар алмасы, 3 гектар жоңышқасы бар. Ал, қырда 42 гектар жоңышқасы өсуде. Ша­руаларына тап-тұйнақтай жігіт­тер жүгеріні де егіп тастайды. Ат шап­ты­рым жерді қоршап мал қора салады. “Мал алсаңдар асыл тұқым­ды­сын, тез салмақ қосатын еттісін алың­дар” қағидаға сүйенген інісі Айдар 10 бас жылқы, 100 бас қойды бордақылау үстінде. Жайылымда 500 бас уақ малы, 10 қара малы жайылып жүр. Бергі бетте қасапхана іске қосылғалы жатыр. Қар­қындары шынында да қатты. Шикізат жа­нын­да. Жігіттер мұнымен де тынбапты. Аулада алып қойма бар. Іші толған картоп, пияз, алма, жем тағы басқалар. Шамамен 40 тоннадай жиналған. Іргесінде жем тартатын цех бар. Қысқасы, “Мырза” шаруа шаруашылығы бордақыға қа­жет жем-шөптің мәсе­ле­сін түбегейлі шешкен.

Ал, кезінде колхоз-совхоздарда еңбек еткен ағаларымыз білмегенімізді үйретіп, жаңа идеялармен байытып отырады дейді. Ел ішінде, ағаларының аялы алақанының табын сезініп, бой­ла­ры­на қуат құйылып, жұмыстарын одан әрі ширата түскен төрт бауырға біз де сүйсіндік. Елбасының шаруаларға айтып жүргенінің, толассыз көмекті бергі­зіп жатқанының астары ауылдың экономикасы көтерілсін деген жақ­сы тілек қой. Ал, ауыл дегеніңіз — қа­зақ. Қазақтың дәулеті көтерілсе мем­лекеттің іргесі мықты, қадамы нық. Экономикамыздың тірегі саналытын осындай кәсіпкерлеріміз екені анық. Ендеше, ауданымыздың абыройын асқақтатып, елдің еңсесін көтеруге үлес қосып жүрген жігіттерге істеріңіз жемісті болып, жұмыстарыңыз жана берсін демекпіз!

Бағлан БАЛТАЕВ.