Баласынан безген әкелерді полиция іздеуге көшті

Оңтүстікте 960 әке алимент төлеуден қашып жүр

Оңтүстікте 960 көкек әкелер алимент төлеуден қашып жүр. Бауыр еті баласынан безгендерге сот орындаушылар қазір полицейлер арқылы іздеу жариялады. Бұл туралы бүгін сот актілерін орындау департаменті бастығының міндетін атқарушы Еркін Отарбаев мәлімдеді.

Аталмыш мекеме облыс халқы үшін ашық есік күнін өткізді. Айта кетейік, жарты жылдың қорытындысы бойынша сот орындаушылар өндірістегі істе қаралған 24 млрд. 848 млн. теңгенің ақысын өндірген. Оның 26 млн. теңгесі мемлекет қазынасына құйылыпты.

Қазір аталмыш департамент басшылығы барлық күрделіліктің алимент өндіру бойынша туындап тұрғанын жасырмады. Бүгінгі ашық есік күнінде қабылдауға келгендердің басым бөлігі баласынан безген әкелердің үстінен жазылған шағымдар бойынша тыңдалыпты.

Еркін Отарбаев, Сот актілерін орындау департаменті бастығының міндетін атқарушы: «Қазірдің өзінде біз 29 азаматтың арыз-шағымдарын қарап, қабылдап үлгердік. Негізінен шағымданушылардың 70 пайызы алимент төлеуден ат тонын ала қашып жүрген көкек әкелердің әрекетіне қатысты. Қазір ондай азаматтарды аудандарда полиция қызметкерлері арқылы іздеу жарияладық. Табылған көкек әкелерге жаза қатаңдатылады».