Мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы тексерілуде

512

Қала мектептерінің жаңа оқу жылына дайындағын тексеру басталды. Бүгін қалалық білім бөлімі, СЭҚ басқармасының өкілдері, өрт сөндірушілер мен депутаттар, «Нұр Отан» ХДП мүшелері бар арнайы топ қаладағы білім ошақтарын аралады.

Қабылдау комиссиясының мұндай жұмыстары 24-тамызға дейін жалғасады. Осы аралықта мектеп басшылары табылған кемшіліктерді бүтіндеуі тиіс. Олай етпесе, білім беру мекемесі жаңа оқу жылына дайын емес деген шешім қабылданады.

Іргетасы 1931 жылы қаланған №21 мектеп биыл да күрделі жөндеу көрмеді. Жәй ғана ағымдағы жөндеу мен жылу жүйелерін қысқа дайындау үшін бюджеттен 1 млн. 600 мың теңге бөлінген. Ол ақшаға мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпаздары мектепті ақтап, сырлап кетіпті. Дегенімен, ғимараттың едені ескіріп, терезелері тозған. Мұнда спорт залы да жоқ. Ал асханасы комиссия мүшелерінің көңілінен шықпады.

Өрт қауіпсіздігінде де олқылықтар көп. Әжетхананың санитарлық жағдайы сын көтермейді. Енді осы кемшіліктер толық жойылмай, мектеп оқу жылына дайын деп есептелмейді дейді мамандар.

Биыл қала қоржынынан Шымкенттегі 83 білім ошағын ағымдағы жөндеуден өткізу үшін 89 млн. теңге, ал жылу жүйесін реттеуге 50 млн. теңге бөлінген. Жылдағыдай жөндеу жұмыстарына ұстаздар жұмылдырылған жоқ, барлығын мердігерлерлің өздері атқарды. Ал мектеп директорлары жасалған тірліктің сапасы мен ақшаның тиісті мақсатқа жұмсалуын қадағаласа болғаны. Өкінішке орай, мектептерде кемшіліктер жоқ емес. Енді кем-кетіктер 25-тамызға дейін толығымен жойылуы тиіс.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=W442-hAjfzA[/youtube]