Шымкенттегі №5 мектептің орнына жаңа ғимарат бой көтерді

495
№5 школа

Шымкент қаласындағы  Молда Мұса  атындағы №5 мектеп бір жыл үш айда салынып бітті. Енді 1-ші қыркүйекке дейін мердігерлер аздаған жұмыстарды аяқтап, тапсыруы тиіс. Қазір мектеп ұжымы тазалау жұмыстарымен айналысуда. Ал ғимараттың бірінші қабатында бастауыш сыныпқа оқушылар қабылданып жатыр.

Күләш Мамадиярова, Молда Мұса атындағы №5 мектептің директоры : » Бастауыш сынып оқушылары екінші ауысымда оқитын болады. Ал 5-тен 11 сыныпқа дейін бірінші ауысымда дәріс алады. 75 жыл тарихы бар мектеп 10 жылдай апатты күйде болған. Соңғы екі жылда біз колледждің ғимаратында оқыған едік. Осыған дейін 424 оқушы болса, жаңа оқу жылына 550 оқушы жиналды».

600 орындық жаңа үлгідегі ғимаратта химия, биология, ағылшын тілінің сыныптары бар. Әзірше олар керекті құралдармен толық жабдықталмаған. Спорт залының едені таяуда төселінсе, асханада тоңазытқышты орнату ғана қалған. Мердігерлер осының барлығын бір жетіде бітіреміз дейді.

  Мубарис КУРАЕВ, мердігер компанияның учаске бастығы : » Бұл жерде бұрын апатты мектеп болған. Ол бұзылды. Біз тегіс жерде жаңа мектептің іргетасын былтыр маусым айында бастадық. Нысанның құрылысына бөлінген 623 млн теңгені толық игердік. Мұнда барлығы құрылыс талаптарына сай жасалған. Кәріз, су жүйесі, жарық желісі тартылған. Жылу жүйесі орталықтандырылған. Барлығына кепілдік береміз».

Мемлекеттік комиссия қабылдағаннан кейін мектепте 2 жыл ішінде ақаулар пайда болса, оны мердігер өз есебінен жөндейді. Жергілікті тұрғындар құрылыстың барысын өздері қадағалапты.

Роза Орманова, ата-аналар комитетінің төрайымы :  «Жаңа мектепте оқушыларға барлық жағдай жасалған. Кең сынып бөлмелеріндегі тақта, орындықтар, үстелдер жаңа. Бұрын біз тақтадағыны көрмей қиналатын едік. Ал енді оның үстіне арнайы жарық шамы орнатылған. Жабдықтардың барлығы сапалы. Еден сырғанақ емес, жақсы төсеніш төселген. Ал мұнда медициналық бөлме болады».

Мектеп ұжымы ата-аналармен бірлесе жұмыс істеуде. Бүгінде мектеп оқушыларының бірыңғай киімі де келісіліп қойған. Бағасы қол жетімді дейді ата-аналар. Ал ең бастысы – жеткіншектер Білім күнін жаңа мектепте қарсы алады.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=pr5RfGEZItw[/youtube]