Студенттер «Жасыл елде» жұмыс істеуге құлықсыз

Биылғы жазғы демалыста «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 500 жас жұмыспен қамтылыпты. Бұл осы маусымда Шымкенттегі төрт мекемемен келісім-шарт негізінде жасалған істің нәтижесі. Жастардың жазғы демалысында бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында ұйымдастырылған іске негізінен М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің студенттері тартылған.

Жалпы 3 кезеңнен тұратын жұмысқа М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің 320 студенті қатысқан. 50 адам жұмыссыздар қатарынан алынса, қалған 130-ы аудан, қалалардағы жұмыссыз жастардан тартылыпты. Олардың орташа айлық жалақысы 30 мың теңгенің көлемінде болған.
Атап айтқанда, шілде айында Шымкент қаласында 170 адам, Қазығұрт ауданында 20 адам, Түркістанда 30 адам жұмысқа тартылған.

Негізінен, «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасына жоғарғы оқу орындарының студенттері тартылуы тиіс. Бұл түйткілде жоғарыда сөз етіп отырған М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың студенттерінің ғана жүзі жарық. Ал мұнан өзге Шымкенттегі бірде-бір ЖОО ізденушілерді жұмысқа бағыттауда белсенділік танытпай отыр дейді ішкі саясат басқармасының осы салаға жауапты мамандары. Ал аудан, қалаларда «Жасыл ел» жасақтарына тек жұмыссыз жастар қатарынан алынып отыр екен.

Тағы бір айта кетерлігі, жасақтар айлығының 50 пайызы республикалық «Жасыл ел» және «Студенттік құрылыс отрядтары» штабынан, қалған 50 пайызы жергілікті бюджеттен яғни жұмыс беруші мекеме тарапынан төленген.

Еске салған жөн, облыс бойынша 14 пен 29 жас аралығындағы жас саны 765 мыңнан асады екен.