Мектептердегі күрделі жөндеу жұмыстары әлі күнге бітпеген

508
Қазір білім мекемелеріндегі жұмыстарды ертерек аяқтауға қаражат бөлінген
Қазір білім мекемелеріндегі жұмыстарды ертерек аяқтау былай тұрсын, оған тиісті қаражат та бөлінбей отыр екен

Сайрам ауданында бес бірдей мектептің оқушылары жөндеу жұмыстары бітпеген білім ұяларында сабақ оқуға мәжбүр. Өйткені, ауданаралық экономикалық сот құрылыс жұмыстарын атқарып жатқан мердігерлердің ісін тоқтатып тастаған. Оған арнайы тендер өткізген комиссияның заңсыз әрекеттері себеп болыпты. Қазір білім мекемелеріндегі жұмыстарды ертерек аяқтау былай тұрсын, оған тиісті қаражат та бөлінбей отыр.

Сайрам ауданындағы №7 Мухаммед Бабыр мектебінің оқушыларына ұстаздар қауымы кезекті рет сақтық шараларын түсіндіріп жатыр. Өйткені, білім мекемесінде екі айдан бері мыңнан аса оқушы құрылыстың бел ортасында отырып, білім алуда. Ұстаздар мен ата-аналар балаларының өміріне алаңдаулы. Себебі шатырға құрылыс материалдарын тасу кезінде келеңсіз жағдай орын алмасына кепіл жоқ.

Шапулат БАЙМЕНОВ, мектеп директоры: «Мамыр айы, сәуір айында бастағанда жақсы болар ма еді бізге. Енді, міне жұмыс істеп жатыр, бәрібір де. Кезекшілік қойып жатырмыз. Балаларға да қиын ғой, ертең басына бірдеңе түсіп кететін болса. Ертең қиын».

Сағира НҰРБЕКОВА, Облыстық мұғалімдердің тәуелсіз кәсіподақ ұйымының төрайымы: «Бұл қанша айтқанымен баланың жүйкесіне әсер етеді. Мұғалімдерге де әсер етеді. Ол қосымша кезекші жұмыс үшін мемлекеттен жалақы алмайды. Онсыз да мұғалімнің жұмысы шаш етектен».

Мектептің шатырын ауыстыруы тиіс мердігер мекеме жөндеу жұмыстарын тамыз айының ортасында бастапты. Алайда, неге екені белгісіз, қыркүйек айына жетпей олардың ісін аудандық прокуратура тоқтатып тастаған. Содан бері құрылыс материалдары жан-жаққа шашылып, оқушыларға түрлі қолайсыздықтар туғызуда. Тіпті жаңбыр жауып, мектеп қабырғаларына су өткен. Ал құрылысшылар бұл мәселеде «біздің кінәміз жоқ» деп ақталады.

Сәлімжан НАРБАЕВ, мердігер мекеменің басшысы: «Өйткені бізге «тендер ұтты» деп бізге хаттама берген, тендерді ұтып алған ретінде. Сөйтіп біз аудандық білім бөлімімен келісім-шартқа тұрдық. Келісім-шартқа тұрып, жұмысты бастадық. Олар бізге үш күнде ақшаны аударамыз деген соң, ақша аударғанша жұмысты тоқтатып қойды. Біз өз қаражатымызбен істеп жатырмыз. Шамамен отыз пайызын істеп қойдық».

Дәл осындай келеңсіздік аудандағы тағы бір орта мектепте туындап отыр. Ал өзге үш білім мекемесінде жылу қазандықтары әлі күнге ауыстылырмаған. Егер күн күрт суыта қалса, білім мекемелері жылусыз қалуы да ғажап емес. Ал қадағалаушы орган өкілдері күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты өткізілген тендердің барысында заңсыздықтар орын алғанын айтады.

Бағлан МЫРЗАҚҰЛОВ, Сайрам ауданы прокурорының аға көмекшісі: «Конкурс заңсыз өткен. Кейбір фирмалар негізсіз қатыстырылмаған. Одан бөлек жұмыстары 15 тамызда басталған. Ал рұқсат қағаздарын 29 тамызда алған. Яғни жұмыстың өзі заңсыз, негізсіз басталған».

Яғни, тендерге қатысқан компаниялар жұмыс өтілі мен мүмкіндіктері талапқа сай еместігіне қарамастан жеңімпаз деп танылыпты. Сондықтан ауданаралық экономикалық сот жөндеу жұмыстарын тоқтатып тастаған. Ал тиісті қаражатын алып үлгерген бір компанияның дүние-мүлкін қамауға алған.

Егер ауданаралық экономикалық сот тендерді өткізген комиссияның жұмысын толықтай заңсыз деп таныса, онда комиссия мүшелері өз қызметтерінен шеттетілетін болады. Сондай-ақ, әрқайсысы 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Қазірдің өзінде прокурорлар Сайрам ауданы әкіміне олардың тәртіптік шарасын қарау туралы ұсыныс жолдапты. Десек те, қолайсыз жағдайда білім алып жатқан оқушылар мен бес мектептің мәселесі қашан шешілетіні әзірге белгісіз болып тұр. Өйткені арнайы комиссияның жұмысы әлі күнге соттың қарауында.

Айнұр Ақбаева

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=LHgXYbTx7GQ[/youtube]