Шымкентте көгілдір отын бағасы қымбаттады

Табиғи газға белгіленген жаңа тариф 2018 жылға дейін сақталады деген жоспар бар
Табиғи газға белгіленген жаңа тариф 2018 жылға дейін сақталады деген жоспар бар

Қазан айынан бастап біраз коммуналдық қызметтердің бағасы өсті. Қымбаттау үрдісін күнделікті төлейтін жолақысы бастап берген болатын. Енді табиғи газдың бағасы да қымбаттады. Бұдан былай Оңтүстіктің жұртшылығы көгілдір отынның 1 текше метрі үшін 23 теңгеге жуық ақша төлейді. Бұл жерде ең қызығы сол, табиғи газдың босату бағасын Өзбекстан қымбаттатпаған. Мұны «ҚазтрансГазАймақ» АҚ-ның басшылығы басқа себеппен түсіндіруде.

«ҚазТрансГазАймақ»-тың тұтунышылары енді көгілдір отын бағасын бұрынғымен салыстырғанда 17 пайызға қымбат төлейді. Мұның себебін осындағы басқарма басшылары модернизациялау бағдарламасымен түсіндіреді.

Олардың сөзінен ұққанымыз, баға мәжбүрліктен көтеріліпті. Өйткені, ширек ғасыр пайдаланылған газ құбырлары шіріп, жарамай барады. Ескіні жамап, есті кетіргенше, жаппай жаңартамыз десе керек.

Серікхан БЕКАЙДАРОВ, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ОҚОФ бас инженері: «Қолданыстағы құбырлардың ауыстырылмағанына 30 жылдан асып барады. Бұл өз кезегінде сапасыз қызметке әкеп соқтырады. Сондықтан да біз бұл қадамға Жаңарту бағдарламасы аясында мәжбүрліктен барып отырмыз».

Сөйтіп, газ тұтынушылары әр текше метр көгілдір отын үшін енді 3 теңге артық төлейді. Яғни, бұрынғы тариф бойынша газдың әр текше метріне 19 теңге, 553 тиын төлеп жүрген қарапайым халық, енді 22 теңге, 931 теңге төлейді. Ал бұрын 20 теңге, 309 тиын төлеген заңды тұлғалар бұдан былай 23 теңге 68 тиын береді. Жаңарған тарифті естіп қарапайым қараша, қуанған жоқ, әрине. Көпшілігі наразы. Айлығын шайлығына жеткізе алмай, зейнетақысымен басқа жыртығын жамай алмай жүрген жұрт осылай наразылық танытты.

Оңтүстікте табиғи газ соңғы рет 2010 жылы көтерілген еді. Ол шақта бұлайша 17 пайыз емес, бар болғаны 2 пайызды құраған, үстеме құн. Ал бұл жолғы бағаны көгілдір отынды таратушылар 2018 жылға дейін тұрақты ұстаймыз дейді. Есіңізде жүрсін, Оңтүстікте «ҚазТрансГазАймақ»-тың отынын тұтынатын 210 мыңнан аса абонент бар.