«Контидың» құрылысшысы өзіне қол жұмсамақ болды

269
Даврон Юлдашев

Шымкентте жалақыға байланысты тағы бір дау шықты. Бұл жолы «Конти» құрылыс коорпорациясының электршісі еңбекақымды ала алмай отырмын деп шағымданған. 3 айдан бері айлық алмаған азамат телеарнамыздың алдына келіп, өзіне-өзі қол жұмсамақ та болды.

Даврон Юлдашев
Даврон Юлдашев

Өзіне-өзі қол жұмсамақ болған Даврон Юлдашев төрт бала-шағамның ішерге асы, киірге киімі жоқ дейді. Азық-түлікті үш айдан бері қарызға алып, берешекке белшесінен батқан ол амалы таусылып, тілшілерге шағымын айтуға мәжбүр болыпты. Алайда осы іске журналистерді араластырғаны бастығына ұнамай қалыпты.

Даврон Юлдашев: «Бірінші уәде беріп алды. Содан соң, журналистерді шақырғаның үшін бір тиында бермеймін деді. Содан барар жерім жоқ, не істерімді білмей осындай жағдайға бардым».

Ашынған азаматқа көмек көрсетуге жәдел жәрдем дәрігерлері келді. Осы даудың түбі неге апарып соғары белгісіз еді, дегенмен, бүгін таңертең анық болғандай, бір түннің ішінде корпорация басшылары жұмысшының үш айлық жалақысын төлепті.

Даврон Юлдашев: «Үш айлық жалақымды алдым. Телеарнаға рахмет. Қазір бәрі жақсы, рахмет. Шаршап, азып тозып кеттім».

Ал құрылыс мекемесінің басшылары бұл жағдайға Давронның өзі кінәлі дейді. Табан ақы, маңдай терінің ақысын сұрамаған деп қарап отыр.

Георгий Ким, компанияның бас инженері: «Мен ешнтеңе түсініп тұрған жоқпын. Өзі осы уақытқа дейін айлығын сұрамаған.

"Конти" корпорациясы
«Конти» корпорациясы

Кеше сөйлесейін десем, қашып кетті. Біздің ешқандай қарызымыз жоқ. Жалақы уақытылы төленеді. Тек қараша айына ғана қарызбыз».

Ал өңірдегі мемлекеттік еңбек инспекторы Бастар Есқараев бұл корпорацияның өз жұмысшылары алдындағы жалақы қарызына байланысты жыры жазда басталған дейді.

Бастар Есқараев, мемлекеттік еңбек инспекторы: «Рас, бұл корпорация бойынша алғашқы тексеру тамыз айында басталған. Ескерту жасап, айлықтарын төлеткен болатынбыз. Содан соң, қарашада арыз түсті. Жоспарсыз тексеру жүргізіп, олқылықты анықтадық.Әкімшілік шара көріп, айыппұл да салғанбыз. Тағы да арыздар бар. Тағы да барамыз тексеріп. Енді прокуратураға тапсырамыз бұл компанияны».

Яғни, қызметкерлерінің еңбекақысын төлемеу фактілері орын алған корпорацияға бұған дейін де ескерту жасалған. Енді еңбек инспекторлары бұл істі құзырлы органдарға тапсырамыз дейді.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=DllhpAIrblo[/youtube]