САРЫАҒАШ: Қарақалпақ, Жылға, Тасқұдық

Қаңтардың 11-і күні жауын мен күшті желдің салдарынан алай-дүлей болған бораннан Сарыағаш ауданына қарасты Қарақалпақ елді мекенінде 38 үйді су басып, екі үй құлап қалған
Табиғат тосын мінез танытты
Табиғат тосын мінез танытты

Қаңтардың 11-і күні жауын мен күшті желдің салдарынан алай-дүлей болған бораннан Сарыағаш ауданына қарасты Қарақалпақ елді мекенінде 38 үйді су басып, екі үй құлап қалған.

Пазылхан Бекмұратов, Жылға ауылының тұрғыны

– Түнде сағат 12- де келіп, інім терезені қағады. Тұрсам есіктің алдына су кеп қапты. Судың биіктігі белден келеді. Жол жиегіне жеткенімізде, асфальттың жағасындағы су адам мойнынан кеп қалды. Бала-шағамызбен бір-бірімізді ұстасып судан әзер аман өттік.

Бұқарбай Парманов, Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары

– Анау айтқан дене жарақатын алып, зардап шеккен адамдар жоқ. Аяғы ауыр бір әйелді аудандық ауруханаға жатқыздық. Бір-екі балаға суықтап қалуына байланыс-ты емдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қалғандарының барлығы туыстарының үйіне жатқызылып, өзіміздің көмектерімізді беріп жатырмыз.

Сарыағаштықтар тағы да сансырап қалды. Алдымен қар жауып, арты жаңбырға ұласқан. Тоңған жерге сіңіп кете алмаған сайдағы су деңгейі көтеріліп, ауылға қарай аққан.

Қаңтардың 11-і күні жауын мен күшті желдің салдарынан алай-дүлей болған бораннан Сарыағаш ауданына қарасты Қарақалпақ елді мекенінде 38 үйді су басып, екі үй құлап қалған
Қаңтардың 11-і күні жауын мен күшті желдің салдарынан алай-дүлей болған бораннан Сарыағаш ауданына қарасты Қарақалпақ елді мекенінде 38 үйді су басып, екі үй құлап қалған

Бұл ғана емес, осы аудандағы Жылға ауылының тұрғындары да түннің бір уағында не болып, не қойғанын түсіне алмаған. 50 үй мен қора-қопсы су астында қалған. Адамның бойындай деңгейге көтерілген. Судың ағысына төтеп бере алмаған екі үй құлап қалған.

Бекжаппар, Жылға ауылының тұрғыны

– Қорадағы малды айдап көріп едім, шыға қоймады. Малға қарайтын кез бе, басымыз аман болсын деп қаштық. Үй-жай қалды. Суық суды кешкеннен болу керек, аяғымның тамыры тартылып, әзер жеттім қырға. Малдың барлығы қырылып қалды деп естіп жатырмыз. Енді қалай күн көретінімізді білмеймін.

Мұхаббат Шерматова, Жылға ауылының тұрғыны

– Бізде былтыр да осындай жағдай болған. Үкіметтен ешқандай көмек болған жоқ. Жергілікті биліктегілер «бір шара қолданамыз» деп еді, шара қолданған жоқ. Ауылдың сыртынан дамбы, көпір салды. Салғанын қайтейік, шала бәрі. Тағы да, міне, су қаптап отыр. Қашанға дейін осылай бола бермек?!

Топан су лап қойғанда қайда қашарларын білмей жарақат алғандар да баршылық. Әсіресе балалар мен әйелдер әбіржіп қалған. Қазір олардың бірқатары ауруханада жатыр.

50 үй мен қора-қопсы су астында қалған
50 үй мен қора-қопсы су астында қалған

Тосыннан келген тілсіз жаудан тосырқап қалған тұрғындар қорадағы малын да құтқарып үлгермепті. Салдарынан, қорадан шыға алмаған 200-дей уақ мал қырылып қалған. Ірі қара мал арасында да шығын бар. Топан су алған ауыл тұрғындары тағы да туыстарын жағалап, тентіреп қалды. Төтенше жағдайдың жылда қайталанып, жұрттың жиі жапа шегуін жылғалықтар «жергілікті атқамінерлердің шала тірлігінен» деп отыр.

Әзірге белгілісі, су тасқыны салдарынан 186 ұсақ мал мен 8 сиыр өлген
Әзірге белгілісі, су тасқыны салдарынан 186 ұсақ мал мен 8 сиыр өлген

Қазір ауданда апат ауқымын анықтайтын арнайы комиссия жұмысын бастады. Оған қоса, алдыңғы жылдары табиғи апат кезінде зардап шеккен аудандарға бөлінген қаражаттың қаншалықты мақсатты жұмсалғаны да тексерілуі ықтимал.

Бекжігіт МӘУЛЕНОВ

Айтпақшы…

Сарыағашта су тасқынынан зардап шеккендерге кеше уақытша баспана берілді. Олар азық-түлікпен және киім-кешекпен қамтамасыз етілген. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері хабарлады. Бірақ жұрт әлі де абыржулы. Қазір топан судан келген шығын көлемі анықталып жатыр. Әзірге белгілісі, су тасқыны салдарынан 186 ұсақ мал мен 8 сиыр өлген. Оңтүстікте орын алған табиғи апатқа байланысты ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің арнайы штабы құрылды. Сондай-ақ вице-премьер Қырымбек Көшербаевтың басшылығымен үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=9__HejN3q48[/youtube]