Күйеуімнен қалған баспана кімге тиесілі?

Дінмұхаммед ҚЫЛЫШБАЕВ
Дінмұхаммед ҚЫЛЫШБАЕВ
Дінмұхаммед ҚЫЛЫШБАЕВ

Оқырмандар сауалына тұрақты авторымыз, ОҚО «Тәуелсіз заңгерлер» ҚБ-нің төрағасы Дінмұхамед Қылышбаев жауап береді.

Сұрақ:

– Мен күйеуіммен заңды некеде болғанмын. Күйеуімнің атында пәтері бар еді. Осыдан 3 жыл бұрын күйеуім өз атынан пәтерді сатуға інісіне сенімхат берген. Сенімхат күшінің мерзімі 3 жыл деп белгіленген еді. Сенімхат бергеннен кейін 1 жыл өтпей күйеуім бұл дүниеден өтті. Ал жолдасымның інісі сенімхат бойынша ол пәтерді жарты жыл бұрын белгісіз біреулерге менен жасырын түрде сатып жіберген. Заң бойынша мен жолдасымның мұрагері болып табыламын. Бірақ маған жолдасымнан ешнәрсе қалған жоқ, қайыным да пәтерден алған ақшасын маған берген жоқ. Не істесем болады? Пәтерді қайтара аламын ба?

Жауап: 

– ҚР Азаматтық кодексінің 163-бабына сәйкес басқа адамның (өкiлдiк берушiнiң) атынан бiр адамның (өкiлдiң) сенiмхатқа, заңдарға, сот шешiмiне не әкiмшiлiк құжатқа негiзделген өкiлеттiгi күшiмен жасаған мәмiлесi өкiлдiк берушiнiң азаматтық құқықтары мен мiндеттерiн тiкелей туғызады, өзгертедi және тоқтатады. Өкiл жасаған мәмiле бойынша тiкелей өкiлдiк берушiде құқықтар мен мiндеттер пайда болады.

Яғни, сенімхат арқылы жасалған мәміле сенім білдірушіге міндеттемелерді туғызады.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 170-бабының 1-бөлігінің 7-тармағы бойынша сенiмхат берген адамның қайтыс болуы, оның әрекет қабiлеттiгi жоқ, әрекет қабiлеттiгi шектеулi немесе хабар-ошарсыз кеттi деп танылуы сенімхатты тоқтатады.

Сонымен қатар сенімхаттың тоқтатылғаны жөнінде сенiмхат берушi адамның құқықты мирасқорлары сенiмхат берiлген адамға, сондай-ақ сенiмхат берiлгендердiң алдында өкiлдiк ету үшiн өзiне белгiлi үшiншi жаққа хабарлауға мiндеттi.

Яғни Сіз жолдасыңыздың қайтыс болғаны және соның салдарынан сенімхаттың тоқтатылғаны туралы қайын ініңізге және егер сатып алушыларды білген жағдайда оларға да хабарлауыңыз керек еді.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 171-бабының 2-бөлігіне сәйкес сенiмхат берiлген адамға сенiмхаттың тоқтатылғанын бiлгенге дейiн немесе бiлуге тиiс болған кезге дейiн оның жасаған әрекеттерi нәтижесiнде пайда болған құқықтар мен мiндеттер сенiмхатты берген адам және оның құқықты мирасқорлары үшiн үшiншi жақтарға қатысты күшiн сақтайды. Егер үшiншi жақ сенiмхаттың тоқтатылғанын бiлсе немесе бiлуге тиiс болса бұл ереже қолданылмайды.

Егер Сіздің қайын ініңіз мәміле жасар алдында жолдасыңыздың қайтыс болғандығы туралы білген болса, онда Сіз қайын ініңізге және үшінші тұлғаға қатысты жасалған мәмілені жарамсыз деп тану туралы пәтердің орналасқан мекен жайы бойынша сотқа талап қоя аласыз. Және пәтерді қайтару үшін Сіз сотқа қайын ініңіздің жолдасыңыз қайтыс болғаны туралы мәміле жасар алдында білгені туралы және сатып алушыларды бұрын танымағаныңыз туралы нақты дәлелдемелерді ұсынғаныңыз дұрыс.