Заңгер кеңесі

Дінмұхаммед ҚЫЛЫШБАЕВ
Дінмұхаммед ҚЫЛЫШБАЕВ
Дінмұхаммед ҚЫЛЫШБАЕВ

Оқырмандар сауалына тұрақты авторымыз, ОҚО «Тәуелсіз заңгерлер» ҚБ-нің төрағасы Дінмұхамед Қылышбаев жауап береді.

Сұрақ: 

– Осыдан 2 апта бұрын мен базарда біреуден «доверенность» бойынша өзіме көлік сатып алған едім. Көлікті сатқан адам оның иесі емес, онда тек сатуға берілген «генералный доверенность» болған. Кеше маған көліктің иесі келіп, «машинаны қайтар, әйтпесе ұрлағаның үшін милицияға арызданамын, түрмеге отырғызамын» деп қорқытады. Не істеуім керек? Мен бұл көлікті 8 мың долларға сатып алған едім. Паспорт бойынша машинаның иесі «мен сенен ақшаны алған жоқпын» дейді.

Жауап: 

– Сіз құқық қорғау органдарына ақшаны алған адамның үстінен арыздана аласыз. Бұл жерде Сіз алданып қалғанның салдарынан ақшаңыздан айырылып қалғаныңызды дәлелдеп беруіңіз керек. Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 177-бабы бойынша алаяқтық – бөтен мүлiктi ұрлау немесе бөтен мүлiкке құқықты алдау немесе сенiмге қиянат жасау арқылы алу болып табылады. Құқық қорғау органдары арызды қарау барысында ақшаны алған адамның іс-әрекеттерінде қылмыс құрамының бар-жоғын анықтайды. Егер онда қылмыстың белгілері анықталса, құқық қорғау органдары оған қатысты қылмыстық істі қозғайды және сотта оның кінәлілігі дәлелденіп, сот үкімі шығатын болса, Сіз сот тәртібімен одан ақшаңызды өндіре алатын боласыз. Ал егер оның әрекетінде қылмыстың белгілері болмаса, бірақ ол адамның расында да Сізден ақшаны алғаны анықталса, онда құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғаудан бас тартады. Бұл жағдайда да Сіз азаматтық тәртіппен сот арқылы одан ақшаны өндіре аласыз, егер оның ақша алғаны құқық қорғау органдармен анықталған болса.

Сұрақ: 

– Мен күйеуіммен бірге 2001 жылдан бері заңды некеде тұрамын. 2007 жылы әкімнің шешімімен маған тегін жер берілген еді. Жерді алғаннан кейін оны жеке өзімнің атыма рәсімдегенмін. Қазір күйеуім сотқа ажырасуға арыз берген екен. Менің атымдағы жерді күйеуім сот арқылы бөле ала ма? Менің естуімше тегін берілген мүлік ажырасу кезінде бөлінбейді.

Жауап: 

– Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 223-бабымен «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 33-бабына сәйкес ерлi-зайыптылар некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезінде жинаған мүлiк олардың бiрлескен ортақ меншiгi болып табылады.

«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 35-бабы бойынша ерлi-зайыптылардың некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезеңiнде мұрагерлiк тәртiбiмен немесе өзге де өтеусіз мәмiлелер бойынша сыйға алған мүлкi ерлi-зайыптылардың әрқайсысының меншiгi болып табылады.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 12-бабының 9-тармағында жергілікті атқарушы органдардың шешімдері – облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, Астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, сондай-ақ аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар (селолар), ауылдық (селолық) округтер әкімдерінің жер учаскесіне құқық беру туралы құқықтық актілері болып табылады делінген.

Яғни жер учаскіге құқық беру туралы шешім өтеусіз мәмілелердің қатарына жатпайды.

Сондықтан ерлі-зайыптылардың некеде тұрған кезінде әкімнің шешімімен берілген жер телімі олардың бірлескен ортақ меншігі болып саналады және ерлі-зайыптылардың арасында бөлінуі мүмкін.