Арыс қаласы әкімінің есебі түгел

1213

Аудан әкімдерінің 9 айда атқарылған жұмыстары бойынша есеп жиындары жалғасуда. Бұл жолы Арыс қаласының әкімі берген есеп ерекшеленді. Бұл Елбасының «А» корпусындағы лауазымды тұлғалармен өткен кездесуінен кейінгі серпіліс те болуы мүмкін. Арыс қаласының әкімі Сейіт Ертай тілшілермен өткізген баспасөз мәслихатында аудандағы сала бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.

Сейіт Ертай, Арыс қаласының әкімі: «Ауданның ішкі өнімінің жалпы құны 60 миллиард теңгеден асты. Кәсіпорындарда жылдың басынан 4252,9 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Жаңа кәсіпорындардың ашылуы, өндірістің кеңеюі есебінен 474 жаңа жұмыс орны ашылды. Ауыл шаруашылығы саласына келсек,  9 айда қалада 2,22 гектар жерге жылыжай салынды. Тамшылатып суару технологиясын енгізу бойынша жоспар 600 гектар болса, нақты орындалғаны – 300 гектар. Шағын және орта бизнестегі нысандардың саны 3040-қа жетті, оның 911-і – шаруа қожалығы,  1629-сы – жеке кәсіпкер.»

Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында Арыс ауданында 6 көше орташа жөндеуден өткізілді. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 20,3 миллион теңге бөлінген. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша ауыл-аймақта 22 жол орта жөндеуден өткізілді.

Арыс қаласының әкімі Сейіт Ертай жоспарланған жұмыстар кезеңімен орындалады  дейді
Арыс қаласының әкімі – Сейіт Ертай

Қожатоғай ауылдық округінің ауызсу жүйесі құрылысына 37,3 миллион теңге бөлініп, тиісті жұмыс атқарылуда. Барлық жұмыс ағымдағы жылдың қараша айында аяқталады деп күтілуде. Бұл тұста айта кететін жәйт, 33 ауылдың  бесеуінің халқы осы күнге дейін құдықтың суын ішіп отыр.

Сейіт Ертай, Арыс қаласының әкімі: «Жақында Астанаға барған сапарымда сенатор Қуаныш Айтахановпен кездестім. Ол кісіге қаржыландыруға қатысты проблеманы жеткіздім. Арыс қаласындағы төрт шағынаудан мен «Ақ дала» ауылдық округінің үш ауылына су торабын жүргізу үшін о баста 653 миллион теңге қарастырылған. Алайда сол қаржы біздің нысанның құрылысына түспей қалу қаупі бар. Сондықтан біз сенатордан бұл мәселеге қолғабыс жасауды сұранған едік.»

Ағымдағы жылы Арыс қаласында бір мектеп пайдалануға берілмек. Осы уақытқа дейін бес білім ордасы мен бір балабақша ғимараттары күрделі жөндеуден өтті. Төртінші тоқсанда Қожатоғай елдімекенінде 100 орындық балабақшаны ел игілігіне беру жоспарлануда. Сонымен қатар Сырдария мектебіндегі кемшіліктер де ретке келтіріліпті.

Өңірдегі тағы бір проблема – Арыс өзеніндегі көпір. Өңірдегі жұрт тік салынған көпірден қыста өту қауіпті дегенді алға тартады. Ендігі мердігерлер оның ұзындығын 25 метрге созып, дұрыстаймыз деп уәдесін де беріпті.