Көлік базары жабылды (видео)

569

Шымкенттегі көлік базары жабылды. Жалпы жұрт «Машина базар» атап кеткен «Жұманов» жеке кәсіпкерлігінің аумағына сенбі күні сот орындаушылары тағы келді. Бұл жолы да сауда нысанының жұмысын тоқтатуға келгендер қарсылыққа тап болды. Алайда, бұған дейін бірнеше рет беті қайтан уәкілетті орган өкілдері осы жолы полиция қызметкерлерімен бірге келіпті.

Сот орындаушыларының құқық қорғаушылармен бірге келуіне осыдан бір апта бұрын көрген қарсылықтары себеп болса керек. Дегенмен, бұл жолы да жиналған саудагерлер үрке қоймады. Бір айта кетерлігі, қарсылық көрсетушілердің көбісі – қыз-келіншектер. Олар, тіпті, жүк көлігінің алдына қасқайып тұрып алды.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=XI2wIlrZ7y8[/youtube]

Бұл даудың басы өткен жылдың соңында басталған. Күзде экономикалық сот автокөлік сатылатын базарды жабу туралы үкім шығарған еді. Сот үкімі – электр желісіне келіп тіреледі. Яғни, базар жоғарғы кернеулі электр сымының астында тұр. Ал бұл – адамдар мен дүние-мүлік үшін аса қауіпті дейді мамандар. Тіпті, енді көлік базарымен қоса көлік тұрағының да жұмысы тоқтатылуы тиіс.

Оразгүл Иманбаева, ОҚО сот актілерін орындау департаментінің бөлім басшысы: » Бұл автокөлік базарының жабылу себебі – 2013 жылдың 3-қыркүйегінде экономикалық соттың шешімі шыққан. Себебі, базар талаптарға сай келмейді, жоғарғы кернеулі тоқтың астында орналасқан, сондықтан толығымен жабылуға жатады.»

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=i8VRfzcSSJI[/youtube]

 

Сот шешімін орындау бірнеше айға созылды. Бұған дейін де көлік базарын жабуға келген уәкілетті орган өкілдері тегеурінді қарсылыққа тап болған еді. Саудан орнын жаптырмай сондағы сатушылар бір жанталасса, оның иесінің мүддесін қорғайтындар да заң тұрғысынан осал еместерін байқатып, бет бақтырмай отыр.

Михаил Родцев, «Жұманов» жеке кәсіпкерлігінің өкілі: «Сот үкімін орындау жөніндегі заңның 42-бабына сәйкес, егер борышкер тарап қарсы шағым берсе, онда сот үкімін орындау уақытша тоқтатыла тұрады деп жазылған. Оған қоса 53-бапта соттың шешімі тек жұмыс күндері орындалуы керек деп көрсетілген.»

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=i2AGcnHk4vw[/youtube]

 

Бірақ, бұл жолы сот орындаушылары базарды жабуға бекем кірісіпті. Олар қарсылыққа қарамастан сауда нысанының қақпасын жапты. Оны аз санады ма, алдына екі үлкен бетон блокты көлденең қойып, Камазбен топырақ төгіп тастады. Дегенмен, бұл дау әрі қарай да жалғасуы әбден мүмкін.