Төлеби көшесінде орналасқан «Қырғы базардың» маңын тазалау, аялдама алдын жабайы сауда қатарларынан ашу жұмыстары тағы да жалғасын тапты. Кезекті рет рейдке шыққан қала әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімі заңсыз сауда нүктелерінің саны артып кеткеніне тағы бір рет көз жеткізді. Ал тексеруші топтың қауқарсыздығын ескерсе керек, сатушылар орындарынан жылжи қоймайды.
Тексеруші топ саудасына кедергі келтірсе керек, мына келіншек жұдырығын ала жүгірді. Ескерту түгілі, ішкі істер бөлімінің қызметкерінің сөзіне құлақ аспаған ол, заңды пысқырмайтынын ашық айтты.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=SpXL25CjAtQ[/youtube]
Жол жиегін сауда орнынан айналдырып алғандардың рейд жұмыстарына еті үйренген. Бұрынғыдай қашпайды да, саспайды да. Базардың ішінде жай жоқ деп, тексеруші топтың жағасынан алады.
Ал қала көшелеріндегі ретсіз сауданы реттеп, айыппұл салатын құзырлы орган әдеттегідей, белсенділік танытпады. Хаттама толтырып, айыппұл да салмады. Керек десеңіз, бір сұхбатты қуалап жүріп, әрең алдық. Сол аумақтың инспекторы Рашид Қалдарбеков ұнда күнделікті рейд жұмыстарын жүргізетінін айтады. Айтуынша, жұмысының нәтижесі де бар екен.
Ал сол нәтижені біз көре алмадық. Бәз баяғы заңсыздық, сол баяғы жабайы сауда нүктелері. Аялдаманың алды да, арты да ретсіз сауда орындарынан арыла алмай отыр.
Қайрат Базарбеков, қалалық кәсіпкерлік бөлімнің сектор меңгерушісі: «Қанша түсіндірме жұмыстарын жүргізсек те нәтиже жоқ. Мұнда ішкі істер бөлімінің қызметкерлері заң аясында айыппұл сала алады. Бірақ, бұл кісілер өз ісіне салғырттық танытуда.»
Әзірге Төлеби көшесін реттеу мүмкін болмай тұр. Бұл жолғы рейдтің де әлі жетпеді.