Шымкенттегі құрылыс базарларында адам аяғы аз. Құрылыс маусымы басталғалы тұрған шақта бұл құбылыс түсініксіз. Сатушылар мұны бағадағы өзгерістермен байланыстырады — құрылыс материалдарының құны қымбаттап үлгерген.
Феруза Ферметова, сатушы: «Баға көтерілді. Мәселен, ламинат 1000-1200 теңгеге сатылуда. Доллар қымбаттаған күннен бастап қымбаттады.»
Нұрболат Құрманбаев, сатушы: «Құрылыс материалдарын Қытайдан, Ташкенттен алып келіп жатырмыз. Ол жақтың тауарлары доллар бағамына байланысты қымбаттады.»
Құрылыс заттары құнының көтерілуі тұтынушылардың қалтасына ауыртпалық салғаны даусыз. Базарға келгендердің сөзі осыған саяды.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=180KbN0wqDc[/youtube]
Марат Байдуллаев тұтынушы: «Шпенгелеттер баяғыда 170-180 теңге еді. Қазір 250 теңгеден алдық. Шегелер 250-300 теңге тұратын. Қазір 400 теңгеден алып жатырмыз. Бұлай болса, айлықты көтермесе, жағдай ауыр болады-ау. Айлықты көбейтіп, үкіметтен көмек болмаса…»
Ал енді кейбір сатушылар тауарды бұрынғы бағамен саудалап жатқандарын айтады. Себебі, қоймада жаңа жылдың алдында сатып алған қоры бар екен.
Десек те, бұл — уақытша құбылыс. Сатушылардың айтуынша, ауа райы жыли бастаса, құрылыс заттарына деген сұраныс бірден артады. Ол кезде, тіпті, өзімізде шығарылатын цемент пен арматура, басқа да материалдардың құнын ұстап тұра алмаймыз дейді. Себебі, кәсіпорындар көктемде қуат көздері, атап айтқанда, газ бағасының көтерілетініне байланысты өнім құнын арттыратынын жасырып отырған жоқ. Ал шетелден тасымалданатын тауар бағасы қазірдің өзінде қымбат.