3 балалы ана Балагүл Толыбаева не жылуы, не едені, не шатыры жоқ кішкентай лашықта өмір сүріп жатыр. Ақпанның ызғарлы күндерінде баспанасыз отбасыға көмек беруге ниеттенгендер табылыпты. Телеарнадан екі баласымен дірдектеген ананы көріп, ондаған адам ас-ауқат, киім-кешектей көмек беріп жатыр. Жұмыс ұсынғандар да болыпты.
Балагүлдің үйіне құр қол бара алмадық. Үш бірдей қаракөз бауырымызға тілшілердің базарлығын арқалай келдік. Алдымыздан ортаншы ұлы шығып, қуана қарсы алды. Балалардың қуанышында шек жоқ. Аналарының жүзіне күлкі үйріле бастаған. Салқын үйдің дастарханы молынан жайылды.
Екі күннен бері үш балалы ананың телефонына дамыл жоқ. Қоңырау шалғанның барлығы көмек қолын созғысы келеді. Бүгін, тіпті, таңертеңнен бері қонақтар көп келіпті. Біз отырғанның өзінде «Оңтүстік фильм» орталығының ұжымы азық-түлігі мен балаларға киім-кешектерін арқалай келді.
Үш баланың тұңғышы Нұрсұлтан. Өскенде-ұшқыш болуды армандайды. Жоқшылықты ерте сезініп, бала болып ойнап көрмеген. Анасының қолқанаты. Ал алты жасар Ерсұлтан алғыр. Сот боламын дейді. Әліппемен енді қоштасса да, өзі шығарған өлеңін оқып беріп, анасын қуантты.
Бұл отбасына заң тұрғысынан кеңесті бірінші болып, облыстық балалардың құқығын қорғау департаменті беріпті. Егер Балагүл Толыбаева Шымкент қаласына тіркеуге тұратын болса, мемлекет тарапынан берілетін көмекті алуға жәрдемдесеміз дейді мамандар.
Нұрсұлтан, Ерсұлтан, Нұрисламның анасына жұмыс ұсынған әзірге ешкім жоқ. Денсаулығым түзеліп, белім жазылса, құр отырмай жұмысқа шығамын дейді өзі. Әзірге баспана мәселесі шешілмей, түнде ұйқы, күндіз күлкі болмай тұр бұл отбасында.
Егер Балагүл Толыбаеваға көмек қолын созамын десеңіз, 8 778 225 38 79 нөміріне хабарласыңыз. Бұл лашық үйді паналаған ананың телефон нөмері.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=YbnbA9EDtOA[/youtube]