Жиырма жасқа дейінгі ауыр атлетшілер арасындағы ел чемпионаты биыл Шымкентте өтуде. Бұл жолы 16 команданың спортшылары бас жүлде үшін таласуда. Жарысқа өз өңірінің үздіктері ғана келген. Өйткені, құраманың бас бапкері Алексей Ни осы чемпионаттың қорытындысы бойынша алдағы халықаралық турнирге құрама іріктеп алады.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=H3icyv-OMGI[/youtube]
Семейлік Мадина Ташкенбаева 20 жасқа дейінгі ауыр атлетшілер арасында №1 спортшы саналады. Бойжеткен Бразилияда өтетін Олимпиадаға жолдама алады деген үміткерлердің бірі. Ауыр атлетші бұл жолы да бапкер үмітін ақтады. Мадина алдымен 85 келіні бағындырды. Ал үшінші мүмкіндігінде ол 90 келіні бағындыруға бел буды. Алайда бұл салмақты Ташкенбаева көтере алмады. Дегенмен қатарластарының арасында үздік атанып отыр. Өйткені өзгелері 85 келіні де көтере алмауда.
Жасы жиырмаға дейінгі бұл спортшылар — Қазақстанның ұлттық құрама командасына үміткерлер. Тағы бір-екі жылда осы ауыр атлетшілердің арасынан Алексей Ни іріктеу жасайды. Шымкенттегі бұл жарысқа ол арнайы келіп отыр. Биылғы жоспар Азия, содан кейін Әлем чемпионатында топты жару. Ал допингке қатысты дау ауыр атлетшілердің көңіл-күйіне әсер ете қоймады дейді бапкер.
Алексей Ни, ауыр атлетикадан ұлттық құраманың бас бапкері: «Бұл жастардың арасынан міндетті түрде іріктеп алып, алдағы уақытта ұлттық құраманың қатарына қосамыз. Қазірдің өзінде ептілері бар. Көрсеткіштері жаман емес. Оның үстіне Лондондағы Олимпиададан кейін қазақстандық ауыр атлетшілерден шетелдік спортшылар жүрексінеді. Ал біз көтерілген шыңнан түспеуіміз қажет.»
Жасөспірімдер арасында Азия чемпионаты наурыздың үшінші жұлдызында Банкогта өтсе, Әлем чемпионатының жалауы маусым айында Қазан қаласында көтеріледі. Ал жастар арасындағы Олимпиада ойындарында ауыр атлетшілеріміз тамыз айында сынға түспек.
Қызылордалық Жәмиля Жәнібек те алтын медальдан үміткер еді. Алайда жұлқи көтеруде ол 40 келіні көтере алмай, жарысты осы көрсеткішпен аяқтады.
Ел чемпионатына 16 команданың ауыр атлетшілері жиналған. Олардың арасында шымкенттік құрама да бар. Алайда, бас бапкердің сөзіне сенсек, Оңтүстікте бұл жас ерекшелегінде топты жарар спортшы жоқтың қасы.