«Күйеуіңді бере тұр» қойылымы сахналанды

378
"Күйеуіңді бере тұр" қойылымы

«Күйеуіңді бере тұр». Облыстық өзбек драма театрында осындай тақырыптағы қойылымның премьерасы өтті. Қарақалпақ жазушысы Сайлаубай Жұмағұловтың туындысы Қазақстанда алғаш рет осы мәдениет ошағында қойылып отыр.

Дилфуза Ибрагимжанова  театр сахнасында 3-ші рет басты рөлді сомдады. Өнер жолында 5 жылдық тәжірибесі бар әртіс Маржан атты бойжеткеннің кейпіне енген. Өнер иесінің айтуынша, өзі отбасылы болғандықтан, бұл рөлді сомдау оңайға түспепті.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=qtehXWOzVEo[/youtube]

Дилфуза Ибрагимжанова, театр әртісі: «Әрине, қиыншылықтар кездесті. Себебі, Маржан — отыз жасар қыз. Ал мен қазір тұрмысқа шыққан, 2 балалы анамын. Сондықтан оның мінез-құлқы мен болмысына ену маған салмақ салды. Бұл спектакль баршаны шындыққа шақырады. Бұған қоса адал махаббатқа бастайды. Себебі әркімнің өз отбасы болуы керек деп ойлаймын.»

Оқиға желісі бойынша Маржан атты бойжеткеннің жарды жалға алу әлегі баяндалады. «Алматыдағы дос-жарандарын тұрмысқа шықтым» деп алдап соққан Маржан бірнеше аптадан соң олардың үйіне қонаққа келетінен хабардар болады. Ару амалсыз құрбыларынан күйеулерін уақытша беруін өтінеді. Дегенмен, спектакль соңында сыры әшкере болады. Айта кетейік, айтулы қойылымды қою үшін Ташкенттің танымал режиссері Тәжімұхамед Исраилов арнайы шақырылыпты.

Тәжімұхамед Исраилов, қоюшы-режиссер: «Маған бұл қойылымды қою қиынға түскен жоқ. Себебі театр әртістері өте талантты екен. Айтқанымды бұлжытпай орындады. Ал өзгеріске келетін болсақ, драмалық қойылымға мен әзіл-қалжың қостым. Күлкі мен шындық астасты. Және музыкасы жағынан да өзгерді. Көпшілікке танымал заманауи әуендерді қолдандым.»

"Күйеуіңді бере тұр" қойылымы
«Күйеуіңді бере тұр» қойылымы

Бір сағат жиырма минутқа созылған «Күйеуіңді бере тұр» қойылымына өнер ұжымы 1,5 ай бойы дайындалған.

Гүлирано Исақжанова, көреремен: «Бұл менің есімде керемет әзілдерімен есте қалатын қойылым болды. Мен егер Маржанның орнында болсам, жалған сөйлемес едім. Түйгенім — қыздар отбасылық жағдайда өтірікке бой алдырмауы керек.»

Аман Қасымов, көреремен: «Біреудің жары біреуге жар болмайды ғой. Сондықтан, Маржанды құптамаймын. Бұдан, тіпті, отбасының шаңырағы шайқалуы мүмкін ғой. Қыздардың өз теңін уақтылы тапқаны дұрыс.»

Айта кетейік, өнер ұжымының 11 әртісі қатысқан туынды жуырда Ташкент қаласының сахнасында тамашаланатын болады. Айтпақшы, облыстық өзбек драма театры өзге де шетелдерге гастрольдік сапарға шығуды жоспарлап отыр.