Кентауда мемлекеттік бағдарламалар орындалмай отыр

461
Кентау қаласының әкімі есеп берді

Кентау қаласында жағдай мәз емес. Қаланың әкімі есеп берді. Жұмсалған қаржылар есептелді. Десе де, тұралап қалған тұстар аз емес. Бір сөзбен айтқанда, қаладан маза кеткен. Әкімдік облысқа алақан жаяуды әдетке айналдырған. Осындай олқылықтарды алға тартқан облыс әкімі кенді шаһар әкімінің атқарған жұмыстарына  көңілі толмайтынын білдірді.

Кентау қаласының әкімі есеп берді

Кентауда сақылдаған сары аяз. Ақпанның аязды күніне қарамастан қала әкімінің есебін тыңдауға келгендердің қарасы қалың. Бірі үміттеніп келсе, енді бірі өкпесін айтып, өтінішін жеткізбек ниетте. Қала әкімі Бақытбек Байсалов өз командасының атқарған жұмысын түгел қағазға түсірген. 25 минут оқып, көпшілікті жалықтырғаны да рас. Айтуынша, кентаулықтарды 24 сағат сумен қамтып, тұрғындарды жауратпай отыр екен. Алайда, сұйық және қатты отынның қоры енді 22 күнге ғана жететіні белгілі болды. Қазір жылу орталығы көмірді де қарызға алып, жағып отырғанға ұқсайды. 

Сембек Әбдірахманов, Кентау қалалық мәслихаттың депутаты: «Бұдан 1-2 жыл бұрынғы жағдай қайталанама деп қорқамыз. Өйткені, қазір жағып жатқан көміріміз де қарызға алынып жатыр деп естідік. Ол қарыз қалай төленеді? Шындығын айтар болсақ, сол жылу орталығына кетіп жатқан қаржының есебі жоқ. Жылда жөндеуден өтеді. Соған қарамастан трубиналары істен шығып, тоқтап тұрды. Күрделі жөндеуден өткен трубиналар неге жұмысын бастамайды?»

Жылу орталығының қоры мәз емес
Жылу орталығының қоры мәз емес

№5 жылу-энерго орталығы былтыр мемлекеттің меншігіне өткен. Қайта құрылып, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыстық, қала берді, республикалық бюджеттен аз қаржы бөлінген жоқ. Қазіргі таңда көпқабатты және жеке тұрғын үйлер мен бюджеттік мекемелер жылумен қамтылғанымен, қазандықтар жиі істен шығып қалатыны да жиында сөз болды. Неге ? Бұл сауал жауапсыз қалды.

Асқар Мырзахметов, облыс әкімі: «Ия, жылу орталығына ақша бөлдік. Ендігі жерде бізге не дейсіздер? Жылу орталығының жұмысын ұйымдастыру мәселесі қала әкімдігі атқаратын жұмыс қой?! Керек болса, апат болған кезде жаттық қой осы жерде. Керек болса, штатын білмейді. Оның бәрін реттедік. Енді бәрін жасап беріп, алдыңа әкеп бергеннен кейін алып кетсейші ананың бәрін. Алып кет.»

Есеп беруге жиналған халықтың көңіл-күйін бағамдасақ, қала әкімдігінің атқарған жұмыстарына өңір басшысының көңілі толған жоқ Тағы да бірнеше тапсырмалар беріліп, міндеттер жүктелді. Әсіресе, өнеркәсіп саласын дамытып, кәсіпкерлікті қолдауда жұмыс шаш-етектен. «Шағын қалаларды дамыту» бағдарламасын тиімді пайдалану керек. «Қарт Қаратау тәжі» деген атақты сақтап қалу үшін Кентауда потенциал көп, оның үстіне үкімет қолдау жасап отыр.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=sLHuDRdo_AY[/youtube]

Асқар Мырзахметов, облыс әкімі: «Шындық үшін мынаны айту керек, бұл атқарылған жұмыстың барлығы Кентау қаласы әкімдігінің атқарған жұмысы емес. Ол облыс болып, облыстың кейбір басқармаларының тікелей араласуымен, солар осы әкімдік бөлімдерінің жұмысын атқарғандықтан жасалып отыр. Кентаудың аты айтып тұрғандай, бұл — қала. Ауыл шаруашылығы ауданы емес. Басым көпшілігі трансформатор зауытының есебінде түгендеп отыр. Жастары қайда кәсіппен айналысатын? Неге бұл қала дамымайды? Неге өспейді? Қаншама жағдай жасалып отыр. 2009-2010 жылдары экскаватор зауытын жандандырдық. Мемлекеттік тапсырыс бердік. Банкроттың алдында тұрған мекеме қайтадан жанданды. Ізін таппай жүрген құрылтайшылар қайта пайда болды. Енді ары қарай отырып алмай, іліп әкету керек еді ғой? Қайда, қайда қала әкімдігінің жұмысы?»