Кентау әкімінің жетінші ақпан күні өткен есебінде қаладағы жылу-энергоорталығының отын қоры 22 күнге ғана жететінін мәлімдеген еді. Сұйық және қатты отынды қасқалдақтың қанындай үнемдеп жұмсап отырған өңір басшылығы көмірді де қарызға алыпты.
Сембек Әбдірахманов, Кентау қалалық мәслихаттың депутаты: «Бұдан 1-2 жыл бұрынғы жағдай қайталана ма деп қорқамыз. Өйткені, қазір жағып жатқан көміріміз де қарызға алынып жатыр деп естідік. Ол қарыз қалай төленеді? Шындығын айтар болсақ, сол жылу орталығына кетіп жатқан қаржының есебі жоқ. Жылда жөндеуден өтеді. Соған қарамастан трубиналары істен шығып, тоқтап тұрды. Күрделі жөндеуден өткен трубиналар неге жұмысын бастамайды?»
Араға апта салып, облыс әкімдігінде брифинг өткізген Кентау қалалық тұрғын-үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Арман Басаров көмірдің жеткілікті екенін жария етті. Яғни кентаулықтар жаурамайды деп сенімді түрде мәлімдеме жасады ол.
Кентау қаласында жылу 2013 жылдың 27-қазанынан беріле басталған. Қазіргі таңда көпқабатты тұрғын үйлер мен бюджеттік мекемелердің барлығы жылумен қамтылып отыр.
Қаладағы жылу беру орталығында 6 қазандық бар, оның 3-уі жұмыс істеп тұр, 3-уі резервке қойылған. Бір генератор жөндеуде тұрса, 1 генератор қалыпты жағдайда жұмыс атқаруда. Өндіріліп жатқан электр қуаты 4,2 мВт құрайды. Орталық жылу жүйесіне 81 бюджеттік мекеме, 1889 жеке сектордағы тұрғын үй, 327 көпқабатты тұрғын үй қосылған.
Арман Басаров, Кентау қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы: «Жылу-энерго орталығының қоймасында сақтаулы тұрған көмір қоры резервте тұрғанын, қажетіне қарай қатты отын күнделікті тасымалданып жатқанын ресми түрде мәлімдеймін. Жылу маусымы аяқталғанға дейін бұл мәселе қатаң бақылауға алынады.»