Жаңалықтар 

Мұхтар Шахановтың жаңа кітабы жарық көрді

«Желтоқсан эпопеясы». Шымкенттегі «Отырар» кітапханасында қаламгер Мұхтар Шахановтың осылай аталған жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

"Желтоқсан эпопеясы" кітабы
«Желтоқсан эпопеясы» кітабы

Жинақ өткен жылы желтоқсан айында Алматы қаласындағы «Достар Медиа» баспаханасында жарық көрген. Желтоқсан боздақтарының бастан өткерген қиын-қыстаулары, көтерілістері мен ерен еңбектері баяндалатын туынды бас-аяғы 900 бетті құрайды.

Ақынмен кездесуге келген оқырмандар көп болды
Ақынмен кездесуге келген оқырмандар көп болды

Ал еңбекті асыға күткен оқырмандар қаламгерге кітап турасында сауалдар қоюды ұмытқан жоқ. Елінің азаттығы үшін күрескен желтоқсаншыларды жылдар бойы жазған жазушы өз шығармасының қоғамдағы шындықты суреттеуімен ерекшеленетінін айтады.

Мұхтар Шаханов, ҚР Халық жазушысы: «Жүз жерден үлкен жазушы, мың жерден көкең мықты болсын, үлкен ғалым бол, мейлі, үлкен сазгер болсын, үлкен әнші болсын, егер шындығыңды жоғалтсаң, жұмысыңның барлығы зая кетеді. Ақты — ақ, қараны — қара дей алмаса, сөзі басқа, ісі басқа болса — барлығының құны көк тиын! Оның жазушылығының да, ақындығының да, ғылымының да мәнісі қалмайды! Ал мен еңбектерімде тек ақиқатты жаздым!»

Гүлжан Айымбетова, оқырман: «Мен осы кітапты оқуды көптен бері армандап жүр едім. «Желтоқсан эпопеясының» бірінші бөлімін оқығанда керемет әсер алдым, сондықтан жалғасын сарыла күттім ғой. Мен өте қуаныштымын, себебі жазушының қолтаңбасы бар кітапты сатып алдым бүгін. Ал Мұхтар ағаның жазу стилі ғана емес, оның барлық еңбектеріндегі шындықты жазуы ұнайды. Үйренеріміз көп деп ойлаймын.»

Арнайы шара аясында қаламгерің кітап көрмесі де көпшілік назарына ұсынылды. Айта кетейік, ақпан айының 13-24-і күндері аралығына облысымыздағы аудан-қалаларда мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Шахановтың «Ән мен кітап керуені» атты шығармашылық кеші өтеді деп жоспарланып отыр.

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz