Үш жүз мыңға жуық халқы бар Мырзашөлде былтыр 24 мыңнан астам кәсіпкерлік нысаны тіркелген.Ондағы шағын бизнес өкілдері жылан жылы 51 миллиард теңгенің өнімін өндіріпті. Ал ауданның жалпы ішкі өнімі 100 миллиард теңгені құрап отыр. Мақтааралда құрылыс та қарқынды жүруде.
Серік Тұрбеков, Мақтаарал ауданының әкімі: «Қолжетімді баспана — 2020″ бағдарламасын іске асыру мақсатында жатақхана ғимаратын қайта жаңартып, 56 пәтерлі коммуналды баспананы қайта құру мақсатында республикалық бюджеттен 156 миллион теңге бөлініп, пайдалануға тапсырылды. Соның нәтижесінде 41жетім бала, 1 ҰОС ардагеріне пәтер берілді.»
Өткен жылы Мырзашөл өңірінде 17 денсаулық сақтау нысаны бой көтерген. Биыл тағы 11-нің құрылысына қазынадан қаржы қаралуда. Және де Мақтааралдағы елдімекендердің 90 пайызына ауызсу жүйесі тартылыпты. Жетісайлықтар қара күзде ақ алтын өндіруден де өте жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Бірақ, «Балапан» бағдарламасымен ашылған 52 балабақшаға былтыр мемлекеттен бір тиын да берілмепті.
Уәлихан Мұсабеков, «Сара ана» балабақшасының құрылтайшысы: «2013 жылдың басынан жылдың соңына дейін 7-8 рет ауданның әкімі, облысты әкімі уәде берумен келді. Біз уәдеге сендік. Ең ақырында желтоқсан айының ортасына қарай Тұрбеков мырзаның орынбасары, бөлім басшылары құрылтайшылардың барлығын шақырып алды да, бізге хабарлады. 2013 жылы ашылған балабақшаларға 1 тиын да төленбейтін болыпты. Мемлекетте бір тиын қаржы жоқ. Осы да әңгіме ме? Осы да уәж бе? Кейін сұрастырып қарасақ, басқа да мәселелері бар екен.»
Ол мәселелерді жергілікті кәсіпкерлер білім және ғылым министрлігіне хат жазып жүріп білген. Елордадан Жетісайға «Сіздер біздің тізімде жоқсыздар. Яғни, тіркелмегенсіздер» деген жауап хат келіпті.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=LvMX5M4xJJE[/youtube]
Серік Тұрбеков, Мақтаарал ауданының әкімі: «Әзірге қаражат үкіметтен тек бағдарламамен беріледі. «Агробизнес — 2020», «Жұмыспен қамту — 2020», «Балапан»… Тек бағдарламамен! Сол бағдарламаға тіркелсе ғана, беріледі. Бұл кісілер тіркелмеген. Біз ол кісілермен келісім-шартқа отырған жоқпыз. Біз сізбен келісім-шартқа отырсақ, онда болар еді.»
Десе де облыс әкімі бұл мәселені өз бақылауына алуға уәде етті. Мақтпаралдықтарды мазалайтын тағы бір жәйт — туберкулез дертінен айықтырар диспансер салу. Алайда, Асқар Исабекұлы жұқпалы ауырудың бұл түрін жеңудің өзіндік жолын ұсынды.
Асқар Мырзахметов, облыс әкімі: «Қазаққа туберкулезбен ауырудың өзі ұят. Жылқы тұрған жерде, малдың қасиеттілігі соншалықты, туберкулездің таяқшасы болмайды екен. Кәсіпкерлеріміз саумалмен емдейтін осындай орындар ашатын болса, оны да біз қолдау жағын қарастыруымыз керек сияқты. Ал енді ауданаралық түберкүлез диспансерін салу ол мәселені шешпейді. Қайта оның бәрі бюджеттің шығыны.»
Сонымен қатар Мақтааралдағы электр бағаналары күрделі жөндеуді талап етеді. Аудандағы спорт мектебінің базасын нығайту мәселесі де айтылды. Жиын соңында тұрғындар Серік Ордабекұлының жұмысына оң бағасын беріп тарқасты.