Мас күйінде көлікке отырып, өзгелерді майып қылатындардың әрекеті тоқтар емес. Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің ақпаратына сәйкес, өткен жылы елімізде 24 мыңға жуық көлік апаты орын алған. Бұл – 2012 жылғы көрсеткіштен 9 мыңға артық. Жол-көлік оқиғалары ең көп тіркелген өңірлердің тізімінде біздің облысымыз Алматыдан кейін екінші орында тұр. Күні кеше мас жүргізушінің кесірінен бір отбасы түгелдей аурухана төсегінен бір-ақ шықты.
Ірі көлік апаты Рысқұлов көшесінің бойында орын алды. Бір жүргізушінің кесірінен 4 автокөлік соғысқан. Соққының қатты болғаны соншалық, бағдаршамға тоқтап тұрған көліктер бір-біріне соғады.
ВАЗ 21014 автокөлігінің жүргізушісі: «Бағдаршамның қызыл шамы жанып тұрған. Ең алдыда Камаз, оның артында мына автокөлік, одан кейін мен тұрдым. Бір кезде көлігімнің артынан қатты соққы болды. Одан ары қарай не болғанын білмеймін. Көліктен түсіп қарасам, джиптің жүргізушісі мас. Машинада әйелім мен екі қызым бар еді.»
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=54FslKKFqew[/youtube]
Осы көлікте болған 3 жолаушыны жедел жәрдем бригадасы ауруханаға алып кетеді. Жарақат алған азаматтардың жағдайы орташа дәрежеде дейді туысқандары. Оқиға орнына сол ауданда кезекшілікте жүрген жол-патрульдік полициясының экипажы келді.
Хусаин Манабаев, аға инспектор: «Қара түсті джиптің жүргізушісін қазір медициналық тексеруге алып барамыз. Сол жерде оған қатысты сараптама тағайындалады.»
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=bDwOSEd_YyM[/youtube]
Жүргізушінің соңынан біздің түсіру тобымыз да наркологиялық орталыққа барды. Арнайы апараттың көмегімен жас жігіттің спирттік ішімдік ішіп, көлік басқарғаны дәлелденді. Дәрігер бұл жігіт жеңіл дәрежелі мас деп қорытындылады. Ал жүргізуші мұндай жағдайға абайсыздан душар болдым деп ақталады.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=-EjpbQ-k_XA[/youtube]
Оқиғаның сызбасын инспекторлар қағаз бетіне түсіріп алды. Енді апаттың мән-жайын сол мамандар анықтайтын болады.