Мемлекеттің қаржысы тиісті мақсатта жұмсалуы керек

412
Тұрақты комиссияның отырысы

«А» корпусы қызметкерлерінің жалақысы көбейді. Осыған байланысты облыстық мәслихаттың депутаттары қосымша бөлінген қаржы туралы есеп беріп, әлеуметтік саланы дамыту жөніндегі тұрақты комиссияның отырысын өткізді. Онда облысымыздың 2014-2016 жылдарға арналған бюджетін нақтылау мәселесі талқыланды.

Тұрақты комиссияның отырысы
Тұрақты комиссияның отырысы

Облыстың 2014-2016 жылдарға арналған бюджетін нақтылау баяндамасын арқалай келген өңіріміздің бас экономисті Арман Абдуллаев ә дегеннен-ақ «А» корпусы қызметкерлерінің еңбекақысы көтерілуіне байланысты қосымша 37 миллион теңге қаралып отырғанын айтты. Сондай-ақ, ішкі істер департаментіне биылғы бюджеттен 162,5 миллион теңге бөлуді сұрап еді, халық қалаулырары керек қаржының тиынына дейін мақсатты жұмсалуын қадағалайтын сыңай танытып, жауап алды.

Арман Абдуллаев, ОҚО экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы: «Бұл жерде бейнекамералар жоқ. Мұнда  511 қызметкерге 31 миллион 871 мың теңгені тиісті қосымша құрылғылар сатып алуға беріп отырмыз. Мысалы, Жаңаөзенде туындаған жағдай кезінде біздің ІІД қызметкерлерінде қажетті құрал-жабдықтар болмаған. Соған сәйкес 511 қызметкерге рациядан бастап, өзге де қажетті құрал-жабдық сатып алуға беріп отырмыз.»

Сондай-ақ, биыл денсаулық сақтау және білім беру салалары бойынша бірнеше нысан күрделі жөнделеді. Бірін республикалық бюджет қаржыландырса, екіншісіне қаржы қарастырылмаған. Сол себепті жөндеуге жұмсалатын қаржы жергіліқті қазынадан бөлінбек. Сол сияқты төрт колледждің жатақханасы мен төрт мектеп-интернаттың күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы бөлініпті.

Мұны облыс әкімінің орынбасары былай түсіндірді: «Сарыағаштағы мектеп-интернатта қыздар оқиды. Төбесінен су ағып тұр. Оның жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге өзіміз қаржы қарап, шешім қабылдадық. Біз, негізі, жатақханаға баса назар аударып отырмыз. Онда ауыл-аймақтан келген балалаар жатады, әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балалары оқиды.»

Ал осы орайда депутаттар назардан тыс қалып кеткен бірнеше әлеуметтік нысандарды жіпке тізіп шықты. Бірі өзбек драма театрына қосымша ғимарат керек десе, енді бірі Сарыағашта құрылысы бітпей тұрған мектеп пен Түлкібастағы аудандық аурухананың сиырқұйымшақтанған құрылысына тоқталды.

Өңірлік даму бағдарламасы аясында атқарылуы тиіс мәселерді шолып шыққан комиссия мүшелері облыстық балалардың құқығын қорғау департаментін таратып, білім басқармасы құрамына қосылуын бірден құптады. Енді олар 10 штаттық бірлікте екі бөлім болып, қызмет атқаратын болды. Осылайша аталған ұсыныстардың барлығы дерлік қолдауға ие болып, сессияның қарауына жіберді.