Сарыағаш ауданының әкімдігі елдімекендерге су құбырын тартқанда Ошақты ауылын ескермей кетіпті. Ескерусіз қалған ауыл қазір лас су ішіп отыр. Оның өзін бірнеше шақырымнан тасиды. Ал Сарыағаш ауданында әлемге әйгілі минералды су көздері барын еске түсірер болсақ, табиғи байлықтың үстінде отырған елдің ішерге су таппай отырғаны қынжылтып қана қоймай, таңқалдырады да.
Күн сайын Ошақты ауылының жасы бар, жасамысы бар, шелегін көтеріп түгел су тасуға шығады. Өйткені ауылдың өзінде су көзі жоқ. Сондықтан, қысы-жазы оны ит арқасы қияңнан тасып ішеді. Бір қызығы, бұл су қысы-жазы 72 градус ыстықты көрсетіп тұрады. Өкінішке орай, жуыну мен кір жуу сияқты тұрмыстық қажеттіліктерге жарайтын су, ішуге жарамайды. Ошақты тұрғындарының айтуынша, бұл ыстық су жер астынан 1 500 м тереңдіктен шығады екен. Ауылдан бірнеше шақырым жердегі көрші елді мекенде кей азаматтар суды насоспен тартып, оны сүзгіден өткізіп алады. Ауылда тазартылған суды сатып, тиын-тебен жасап жүргендер де баршылық. Қайсыбір жұрттың оны тасып әкелуге жағдайы жоқ. Ал, жергілікті әкімдік халықтың мұңын тыңдауға құлықсыз болып шықты. Ауылдың үлкендері әкімдікке бір емес бірнеше рет барып, халықтың мұқтажын жеткізіпті. Дегенмен, шенеуніктердің жауабы көңілден шықпаған. Олар бар қиындықты өздеріне аудара салғысы келетіндей. «Қажетті құрал-саймандар сізден, жеткізу – бізден» деп ақсақалдарды мұқатып жіберді деп кіжініп отыр мұндағылар. Ауыл басшысы «ошақтылықтарға» тіпті төбесін көрсетпей жүрген көрінеді. Сөйтсе, жиналыстан қашатындай жөні бар екен. Себебі, әкім ауданнан құбыр тартылып жатқан кезде Елібай бөлімшесінің құжаттарын тапсыруды ұмытып кетіпті. Осының кесірінен жүзге тарта отбасы таза сусыз қалған. Ал Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Смайыл Тасқұлов қосымша сметаның дайындалып жатқанын алға тартып, ауданның өз есебінен биыл су тартып береміз дейді. Уәдеге сенсек, биылдан қалмай Ошақты ауылы өмір бойы аңсап келе жатқан ауыз сумен шөлін қандырмақ. Қарамағындағы елдің мәселесін жоғары жаққа жеткізуді ұмытқан ауыл басшысына қатысты аудан жетекшілері қызметтік тексеру жүргізбек.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=9cpV7HyFEKc[/youtube]
Айтпақшы…
Судың жайы Оңтүстікте күн тәртібінен түскен емес. Облыс әкімі жуырда ғана облыстық энергетика және тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының есебін тыңдаған болатын. Басқарма басшысы Батырбек Көшербайдың айтуынша, облыста сегіз жылда 146 елді мекенге су құбыры жүргізілген. Соңғы үш жылда 153 елді мекенге жаңа ауызсу нысаны, ал 38 елді мекенде тозығы жеткен су құбырлары қайта құрылыпты. Облыс көлемінде құбыр суымен қамтылмаған 264 елдімекеннің 155-і дербес су құбырларын салуды қажет етсе, 64 елдімекенде топтасқан су құбырларын іске қосу жоспарланған. «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында 16 елді мекенге жаңадан ауызсу құбырлары тартылды. Бүгінгі таңда 665 елдімекен таза су жүйесіне қосылған немесе 2,3 миллион тұрғын ауызсуға қол жеткізіп отыр. Дегенмен, халықты ауызсумен қамту мәселесіне 2009 жылдан бері ден қойылып келе жатса да жергілікті тұрғындар әлі де ауызсуға жарымай келеді. Айталық, топтық су жүйелерінен ауызсу таратуға республикалық бюджеттен 2012 жылы 333 миллион, ал былтыр 432 миллион теңге бөлінген. Алайда, қыруар қаржы бөлініп жатса да сусыз отырған ауылдар жетерлік. Негізгі себептердің бірі ― Кеңес заманынан бері жаңаланбаған, тозығы жеткен жүйелер дейді басқарма басшысы. Осы күнге дейін кесте бойынша су ішіп жүрген ауылдар бар. Сапалы суға қолы жетпей, ыстық не болмаса, ащы суды тұтынып жүрген ауылдар қаншама? Сапасыз су дегеннен шығады, тіршілік көзінің талапқа сай болмауы ағзада түрлі дерттің бас көтеруіне себеп. Мәселен, сапасыз су тұтынып отырған ауыл тұрғындары ішек-құрт аурулары мен бауыр, бүйрек дертінің дендеп бара жатқан байқаған. Сондай сапасыз су ішіп отырған ауылдардың біразы – Сарыағаш ауданында. Қазақстанды айтпағанда, алыс-жақын шетелдерге суымен танылып отырған аудан қазір өз жұртын таза сумен қамти алмай отыр. Ауданның брендіне айналған «Сарыағаш суын» нарықта бүгінде бірде-бір минералды су алмастыра алмай келеді. Себебі, бұл сусын сарыағаштықтарға тәңір берген сый. Ал сондай минералды су шығып жатқан өңірде ауызсуға деген тапшылық туындауда. Пародокс деп осыны айту керек шығар.
Мақпал РЫСБАЕВА