Оңтүстікте сегіз кешкі мектеп бар

1269
сабақ барысы

Кеңес дәуірінде жұмысшы жастарға арналған кешкі мектепте әкесі мен қызы, ерлі-зайыптылар, тіпті, жасы алпысты алқымдаған азаматтар оқитын еді. Сол кезде өзінен жасы үлкен немесе түйдей құрдас болып келетін оқушыларының оқу үлгерімімен бірге тәртібін түзеймін деген оқытушылардың алдында бүгінгі таңда кім отыр?

№2 кешкі мектептің сыныбы
№2 кешкі мектептің сыныбы

Оңтүстікте кешкі мектептер саны — 8. Соның үшеуі Шымкент қаласында орналасқан. Оның екеуі жабық, анығырақ айтқанда, түзету мекемесінде жұмыс істейді. Облыс орталығындағы №2 кешкі мектепте 450 оқушы оқиды. Олардың арасында ересектер де бар, тәртібі нашарлары да кездеседі екен. Малика Ахмедова — кешкі мектептің бітірушісі. Күндізгі мектептен өз еркімен ауысып келген. Қоғамда қалыптасан жансақ пікірге қарамастан осында оқиды, отбасына көмектеседі.

Малика Ахмедова, №2 кешкі мектептің 11-сынып оқушысы: «Отбасылық жағдайыма байланысты осы мектепке ауыстым. Анамның қасында жұмыс істеп, көмектесемін. Мұнда оқығанның еш ұяты жоқ. Осы мектепті бітіріп, оқуымды жалғастырсам деймін.»

сабақ барысы
Сабақ барысы

Мұндағы оқушыларға күндізгі мектептегі бағдарлама бойынша үш тілде білім беріледі. Қазақ, орыс, өзбек сыныптары бар, олар аптасына үш күн осы ескі ғимаратта білім алады. Кешке оқымаса да түстен кейін басталатын сабақтарына асығады. Жылдар бойы ғимараттан-ғимаратқа көшіп-қонып жүрген кешкі мектептің ұжымы осыған да тәубе етеді. Алайда оқытушылар былай тұрсын, оқушылардың келіп-кетуі қиын дейді мектеп басшысы.

Гүлмира Молдахметова, №2 кешкі мектептің директоры: «Мектеп «Қайтпас-1″ шағынауданында орналасқан.  Қаланың бір шеті. Көлік қатынасы қиындау. Біздің оқушылардың басым бөлігі Ворошиловкадан келеді. Кешке сабақтан шыққанда қоғамдық көліктер тоқтап қалады. Орталыққа жету қиын.»

кешкі мектептің оқушылары
Кешкі мектептің оқушылары

Бұл жағдай — облыс орталығындағы кешкі мектептің проблемасы. Ал Шардара, Төлеби аудандары мен Түркістан, Түлкібас қалаларындағы кешкі мектептерде шешімін таппаған өзекті мәселер көп.

Қайрат Арап, облыстық білім басқармасының бөлім меңгерушісі: «Оқулықтар ескі, барлығына жете бермейді. Компьютер сыныбы бар, бірақ ол интернетке қосылмаған. Сондай проблемалар бар.»

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=o4EgUJDA6Pg[/youtube]

Ол аздай, Кеңес Одағы кезінде күндіз жұмыс істеп, кешке білім алатын оқушылардың орнын тәртібі қиын оқушылар басқан. Отбасының әлеуметтік жағдайын ойлап, әлеуетін түземекке кіріскен жеткіншектер күндізгі мектепті тастап, жұмыс істейді. Сондықтан да орта білім алуды ойлайтын олар осыған да тәубе етеді. Өйткені, олардың жолын жоқтық байлаған.