– Облысқа белгілі азаматсыз. Сіз туралы әңгіме көп. Асанбай Асқаровпен қызметтес болған дейді…
– Қол астында жұмыс істегенім рас. 25 жасымда ол кісіге бір жобамды көрсеткенмін. Шәуілдірдегі мұражайды. Ол кезде институтта қызметкермін. Жобаны батыл сөйлеп, үтір-нүктесіне дейін түсіндіріп, жақсы қорғадым. Жалындап тұрған жас кезім. Ол кісіге жобам да, маман ретінде өзім де ұнаппын. Ертесіне шақырып алып, қалаға бас архитектор боласың деді. Сөйтіп, 25 жасымда бас архитектор болып шыға келдім. Ол кезде мұндай орынға отыру үшін, міндетті түрде КПСС мүшесі болу керексің. Екіншіден, қалалық кеңестің депутаты болуын керек. Партия қатарына өтуге үміткер де емес едім. Шұғыл компартияға қабылдады.
– Қаланың бас сәулетшісі болып қанша уақыт істедіңіз? Қандай құрлыстардың салынуына мұрындық болдыңыз?
– 10 жыл қаланың бас архитекторы болып қызмет атқардым. Жобалар көп болды. Ол кезде кез-келген құрлысты бастау үшін, Мәскеуден рұқсат алу керек болатын. Қиын уақыт еді ғой. Сол қиындыққа қарамастан, ебін тауып Мәскеуге «көп қабатты үй саламыз» деп тапсырыс беріп, мұражай салғанбыз. Шәуілдірдегі сол мұражай менің алғашқы жобам болды. Екіншісі Ыстықкөлдегі үлкен пансионат. Содан кейінгі менің жобаммен салынған нысан қазіргі ҰҚК-нің ғимараты. Қаламыздағы «Достық» қонақ үйінің жобасын сызғанмын. Несін жасырайық жас кезімде қарқынды жұмыс істедік. Ал, кейіннен қалаға қызметке барған соң, жеке сәулетші ретінде жұмыс істеуге мүмкіндік көп болмады, көп уақытты ұйымдастырушылық жұмыс алып қоятын. Дегенмен, жас, мықты жігіттерді құрылыс бөліміне жинағанмын. Ол кезде «ГАСК» (Мемлекеттік құрылыс-архитекторлық бақылау басқармасы) «ЗЕМКОМ» (Жер қатынастар басқармасы) дегендер жоқ болатын. Алғашқы болып соны құрған, соның жұмысын ұйымдастырған менмін. Алматыға барып, үлкен архитекторлармен ақылдасып жұмыс жасағанбыз. Қазіргі Алматы қаласының бас архитекторы Ғабит деген жігіт, сол кезде жұмысты бізде бастаған. Дендросаябақ, ипподромның құрылысын сол кезде бастағанбыз. Тәуке хан даңғылы бойындағы 12 қабатты үйлер сол уақытта салынған. Ол кезде құрылыстың да мүмкіншілігі шектеулі еді, қаражат та жоқ. Қазіргідей емес, қиын болатын.
– Бұрынғы Шымкент қаласы мен қазіргі келбетін жиі салыстырып тұрасыз ба?
– Бұл қаладағы барлық құрылыс қолымнан өтті деу артық болар. Жекеменшік қаншама құрылыстар жүргізілді. Ақылдасып, кеңесіп салынды көбісі. Әлі есімде, кезінде Асанбай Асқаров дендросаябақ ашайық дегенде, мен бұл идеяның жүзеге асатынына сенбегенмін. Күл-қоқыс жер. Быт-шыт болып жатыр. Сену қиын болатын. Мықты кісі еді, біздерді әдейі Ялтаға, басқа да қалаларға жіберетін. Көріп, біліп, керек нәрселерді алып келетінмін. Қазіргі дендросаябақтағы Асанбай Асқаровтың үлкен ағашын отырғызғанда мен қасында болғанмын. Сол бір күннің естелігін балаларыма айтып жүрмін.
Кейбіреулер ойлайды көп нәрсе сәулетшілерге байланысты деп. Олай емес. Заманға байланысты. Бір кездері Шымкент «Шанхай» болып кеткен. 95-96 жылдары. Қайта құру басталған уақытта. Елдің жағдайы қиын еді. Әр бұрышта базар ашылып, сауда-саттық жасайтын орындар қаптады. Қаланың жартысы базар болып кеткен. Күнкөріс. Қазір жағдай мүлде басқа. Жеке кәсіпкерлердің өздері шет елдерге барып келеді. Көріп, үйреніп. Құрылыстар тұрғызып жатыр. Бұрын қалай болса, солай сала беретін. Қазір, арнайы мамандарға тапсырыс береді, рұқсат алады, тәртіп бар. Бүгінде құрылыс заттары ағыл-тегіл. Ол кездегідей тапшылық жоқ. Қаламыз күннен-күнге көркейіп келеді. Әдемі, құрылысы көз тартқызар нысандар, ғимараттар салынып жатыр. Айырмашылық көп, әрине салыстырмалы түрде айтсақ.
– Жалындаған 25 жасыңызда бас сәулетші болыпсыз. Талай қызықтар да болған шығар…
– Әрине, қызық көп болды. Атақты Тимур Бекмамбетов деген қазақ Шымкент қаласында екі жылдай жұмыс істеген. Мен қаланың бас архитекторы кезім. Облыстық театрдың режиссері Белинский деген Мәскеуден келген азамат. Дос едік. Шымкент туралы спектакль коймақшы болды. Стейнбектің «О мышах и людях» деген шығармасы бар, соны қоятын болды. Спектакль сол кездегі жағдайға дәл келетін. Сонда Тимур Бекмамбетов қоюши режиссер болып істеген. Мен оларға декорация жасауға көмектескенмін. Ол спектакльдің желісі амбардың ішінде болған оқиға. Сахнаны кәдімгі тезек апарып, иісін шығарып, адыраспан жағып, шынайы болсын деп істегенбіз.Сол қызықты күндер есіме түссе әлі күнге езу тартамын.
– Сәулетшілер де шығармашылыққа жақын адам. Дегенмен, мемлекеттік қызметкер ретінде белгілі бір талаптарға бағынуыңыз да керек. Айтыңызшы, өзіңізге қай жағы жақын? Екеуін қатар алып жүру қиын емес пе?
– Елбасының Жолдауын оқыған шығарсың. Сонда меритократиялы мемлекет болу керек деген. Ол не деген сөз. Демократиялы, тоталитарлы, мемлекеттер бар. Меритократиялы деген сөз мықты кәсіпқой мамандар отыру керек деген сөз. Сәулет саласында мықты сәулетші отыру керек. Спорт саласында спортшы, ауыл шаруашылығы саласында сол саланың мықты маманы дегендей. Сонда ғана мықты боламыз. Бізде қазір құрлысқа апарып мұғалімді отырғыза салады. Кеденшіні апарып, білім саласына отырғызады. Мысалға айтып отырмын. Өз саласының маманы болмаса, ол оңдырып жұмыс та жүргізе алмайды. Сосын былық басталады. Туризмге ауылдың әкімін отырғызады. Ол адам туризмнің не екенін де білмейді. Мұрнына исі де бармайды туризмнің. Бізде шенеунік деген шіреніп жүрмеу керек. Мен 88 жылы Лондон қаласының мэрінің қабылдауында болғанмын. Ешқандай проблема жоқ. Біздегідей алдын ала жазылу, күту, олардың көмекшілерімен сөйлесу деген жоқ. Бардым, айттым, көп нәрсе қызықтырды. Қабылдауында болдым. Шәй берді. Бізде бәрі керісінше. Жол қызметкері жолдың Құдайы. Милиция өз алдына мемлекет. Шіреніп, құтырып алған бәрі. Костюм киіп қатайып жүреді шенеуніктер. Облыс түгіл, ауданның әкіміне кіру қиын.
Сосын мына әр түрлі жиналыстардың көбінің қажеті жоқ. Әкімнің жиналыстары бар, 5 орынбасарының жиналыстары бар. Бес адам шешетін мәселені 40 адам жиналып 2-3 сағат талқылаймыз. Қажеті қанша соның?! Біз барынша осындайдан арылуымыз керек. Мен өзім «планерка» дегенді өткізбеймін. Қайтемін қызметкерлердің басын қатырып. Телефонмен тапсырма бере саламын. Шақырып нақты орындаушыға тапсырамын. Басқармада 15 адам жұмыс істейді. Солардың ішінде 4-5-і ғана жұмыс істейтіндер. Қалғандары күні бойы жүреді өтірік қағаз тасып. Қажеті бар ма сонша қызметкер ұстап? Ешқандай қажеттілік жоқ. Әр басқармада орынбасарлар бар, бөлім бастықтары, бас мамандар, мамандар созылып кете береді. Бір қағазбен бір адам айналысады ғой. Мен мысалы, нақты орындайтын маманға тапсырамын. Жалпылама айтып отырмын. Бұл жүйені өзгертуіміз керек. Керегін қалдырып, керек емесін қысқартып.
– Облыс демекші, тікелей басшыңыз облыс әкіміне көзқарасыңыз қандай? Асқар Мырзахметовтың әкімдік жұмысына байланысты пікіріңізді білсек? Біршама әкімдермен қызметтес болдыңыз…
– Маған Асқар Исабекұлының мақсаткерлігі ұнайды. Орысша «нацеленность» дейді ғой. Екіншіден мықты мемлекетшіл азамат. Сондай қасиеттерімен ұнайды. Іскер, білімді, мықты басшы. Басқа әкімдермен салыстырып келсеңіз, көзіңіз жетеді. Мысалы, облысты 3 жылдай басқарған Н.Әшімов қай ісімен халықтың есінде қалды? Басқалары да қатырған жоқ. Мырзахметов тактика жағынан мықты. Ол сенің көп жылдық стратегиялық бағдарламаларыңа бас қатырмайды. Нақты қашан, не істейсің? Соны талап етеді. Жұмыс барысында әр түрлі мәселелерге байланысты келіспей жатамыз. Ойыңды, пікіріңді тыңдайды. Сұрайды. Сондай қасиеттердің арқасында игі істердің басы қасында жүр. Мықты «хозяйственник». Тәуелсіздік саябағын 9 ай бойы зерттедік. Талқыладық. Шынын айтқанда есімізді шығарып жіберді бұл жоба. Облыс әкімінің де сұмдық талапшыл екенін сол кезде аңғардым. Жұмыс болған соң, істейсің. Сол 9 ай талқылаған саябақты 2 айда жасадық. Сенесіз бе, күні-түні жұмыс жасадық. Мен сол құрылыс алаңында 2 ай жаттым. Қатаң қадағалап отырмасаң көп жұмыс уақытында бітпейді. Сондықтан қатал болу, талапшыл болу да керек.
– «Еліміздің қазіргі заманға сай алғашқы урбанды ортасы Астана мен Алматы, әрі қарай Шымкент пен Ақтөбе қалалары болмақ», – деді Елбасы биылғы Жолдауында. Бас саулетші ретінде өз ойыңызды айтсаңыз? Жоба қалай жүзеге асады?
– Елбасымыз мықты стратег. Жолдауда қандай жолмен жүретінімізді айқындап, басым бағыттарды белгілеп берді. Шымкент қаласының таңдап алынып, басымдық берілуінің бірнеше себебі бар. Оның ішінде саяси да. Мысалы, 120 шақырым жерде басқа мемлекеттің астанасы орналасқан. Іргемізде – Ташкент. Тереңірек ойланып көрсеңіз көп мәселе жатыр мұнда. Мен Астанадағы коммисияның мүшесі болдым. Бағдарламаны жасаған сарапшылар Оңтүстік Қазақстан облысына ауыл шаруашылығы саласында басымдық беріледі деп жазып қойыпты. Тек ауыл шаруашылығы ғана деп. Ол дұрыс емес. Сосын Елбасының алдында айттық. Бізде осындай жеріміз бар, осындай тауымыз бар, құмымыз, суымыз бар деп. Еліміздегі архитекторлық-тарихи ескерткіштердің 80 пайызы – Оңтүстікте. Туризмді дамыту керек деп басым бағыттардың бірі ретінде туризм кластерін кіргіздік. Түсіндірдік. Содан кейін облысымызда ашылып жатқан инновациялық-индустриалды жобаларды айттық. Кілем шығаратын кәсіпорын бар, басқа да ірі жобалар бар деп. Дәлелдедік. Енді соған қарай, қаражат бөлінеді. Енді тек жұмыс жасау керек. Елбасының сенімін ақтау керек. «Қарап отырсаңыздар, еліміздің территориясы ғаламат, халық Қазақстанның шалғай жерлеріне де орналасқан. Барлық жерде қызметті біркелкі дамыта алмаймыз, сондықтан ірі агломерацияларды құру – мемлекетіміздің басты мақсаттарының бірі», – деп қадап айтты Нұрсұлтан Әбішұлы.
– Сізді Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлымен теннис ойнаған дейді. Сол қаншалықты рас?
– Рас. Ол кезде Зауытбек Тұрысбеков облыс әкімі. Нұрсұлтан Әбішұлы Сарыағашқа келіп демалды. Сонда маған теннис ойнайтын, жасыма сай адам тауып беріңдер депті. Облыста үлкен теннисті ойнайтын шенеунік мен ғана екем. Енді Президентпен теннис ойнауға жас балаларды алып бармайды ғой. Мен барып ойнадым. Басында әкім-қаралар ұтыл деп ескерткен. Сыбырлап. Ойын қызып кетті. Нұрсұлтан Әбішұлы спортқа жақын адам ғой . Сол ойында көзім әбден жетті. Соққылары дәл, нық ұрады, сергек ойнады. Өзін жақсы күтеді. Сұхбаттарында да айтып жүр. Артынан Болат Жылқышиевке үйреттім үлкен теннис ойнауды. Сондай қызықтар болған.
– Сұхбатыңызға рахмет, аға.
Сұхбаттасқан – Азамат Айтабергенов
(Серпін сайтынан алынды. Тақырыбы өзгертіліп, ықшамдалған)