Қасқасу ауылының өз қақпасы бар

1818
Қасқасу ауылының өз қақпасы бар

Төлеби ауданында бұрын-соңды болмаған ерекше оқиға орын алды. Қасқасу ауылына кіре берісте қақпа бой көтерді. Ашылу салтанатына жиналған қауым сызбасын салып құрылысын өз қаражатына жүргізген сәулетші Асқар Әзімбаевтың игі бастамасы өзгелерге үлгі өнеге болады дейді. Ортасында қазақтың қара шаңырағы бейнеленген керегелері берік, әр бөлігі ұлттық нақышта оюланып, салынған қақпаның сәулеті көпшіліктің көңілінен шықты. Ауылдың көркеюіне үлес қосқан жерлестерінің сауабы мол бастамасына ақсақалдар ақ батасын берді.

Қасқасу ауылының өз қақпасы бар
Қасқасу ауылының қақпасы

Жұмабек Батырбекұлы, Қасқасу ауылының тұрғыны: «Қуанып отырмыз. Осы ауылда туып-өскен Асқарымыз ауылдың қақпасын салып берді. Ауылымызда көп нысандар бой көтеруде, былтыр балабақша, биыл әкімдік жаңа ғимаратқа қоныстанды, полиция бекеті де ашылды.  Ауылда тұрмыс  жақсарып келеді.»

Қақпаның жобасын Қасқасу ауылының тумасы, елге танымал сәулетші Асқар Әзімбаев сызған. Әрі оны өз қаражатына жасатыпты. Туған жеріне, ауыл ағайындарына деген сүйіспеншілігін ол осындай тарту арқылы білдіруді жөн көріпті. Табиғаты сұлу қасиетті өңірдің келбетіне ажар беретін қақпаның бой көтеруіне негіз болған осы ауыл ақсақалдарының аманаты дейді сәулетші.

Сәулетші Асқар Әзімбаев  туып-өскен жеріне тарту жасады
Сәулетші Асқар Әзімбаев

Асқар Әзімбаев, сәулетші: «Наурыз болғанда Ұлы Отан соғысының ардагері осы ауылды танытатын өз қақпасын салмайсыңдар ма деген өтініш жасады. Үйдегілермен ақылдасып, салу қажет деп шешім қабылдадым. Жалғыз өзім бұл жобаны жүзеге асырамас едім. Маған көмектескен достарыма рахмет. Біреуі техникамен, біреуі жұмыс күшімен дегендей, әйтеуір ешкім шетте қалмады, барлық қолғабыс жасады.»

Сәулетші тағы бір жобаны бастап қойыпты. Ендігі бастама – ауыл аумағындағы бос жатқан жерлерде балаларға арналған футбол және жастар алаңын салып, өскелең ұрпақтың тәрбиесімен айналысу. Әрбір азамат туып-өскен жерінде осындай сауапты істі қолға алса, ел көгерер дейді ақсақалдар.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=vyMKiDQcOnc[/youtube]

Жанша Түктібайұлы Отан соғысының ардагері: «Қақпаның маңызы зор. Қақпадан өткен-кеткен ел аман жүрсін. Сапарлары сәтті болсын!»

«Сәтті  сапар!» деп ақ тілегі жазылған қақпаның осы маңнан өткендердің көзінің жауын алатынына сәулетшінің күмәні жоқ. Мұндай тірліктер тұрғылықты елдің бет пердесі, тұрмысының айғағы іспеттес деген аға буын өкілдері игі іс жалғасын табатынына сенімдері мол.