Шымкенттік ондаған үйлерде осы сағатқа дейін көгілдір отын қысымы төмен күйінде. Кеше кешкісін 60-тай кәсіпорынға газ беруге шектеу қойылғанын қала басшылығы ресми мәлімдеген. Сонымен бірге шымкенттіктердің 70 пайыздан астамын жылумен қамтитын жылу-энергоорталығы газ беру мөлшеріндегі шектеуге байланысты қосымша отын пайдалануға көшкенін хабарлаған. Ал бүгін ғаламтор арқылы Өзбекстан жағы газ беру жайы ретке келтірілді деген ақпарат тарады.
Жарқынбек Әлімбетов, «3-Энергоорталық» АҚ бас директорының орынбасары: «Газ дәл қазіргі кезде сағатына 30 мың текше метр келіп тұр. Яғни, біздің пайдалануымыздың жартысы ғана. Ал жартысын біз мазут жағып, сонымен қамтамасыз етіп отырмыз. Қалаға жіберіп тұрған қазіргі штат режимдегі температура — 90 градус, жылудың қайтымы — 50 градус, яғни ешқандай кемшілік болған жоқ. Қаланы жылумен одан әрі де қамтамасыз ете береміз.»
Дегенмен, төмендеген қысымды қалыпта ұстау үшін шаһар басшылары қосымша амалдар жасады. Қаладағы бірнеше ірі өндірістік мекемелерді бірер күнге газдан ажыратып, мәселені шешкендей болды. Осының есебінен сағатына 10 текше метрге дейін газ үнемдедік дейді қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов. Тек алпауыт кәсіпорындар арасында Шымқаланы жылумен қамтып отырған 3-Энергоорталық қана 50 пайыз көгілдір отын ала алды.
Бүгін «ҚазТарансГаз Аймақ» АҚ баспасөз қызметі Өзбекстан тарапынан келетін газдың біртіндеп қалыпқа келе бастағанын хабарлады. Таңғы жетіден мүлдем келуі тоқтаған газ екі сағат сайын үстемеленіп отыр. Ақауға қатты аяз себеп болыпты. Жалпы, мұндай келеңсіздік апта соңына дейін ретке келеді дейді мамандар. Сондықтан, үйіңіздегі көңілдір отын қысымы бірден жоғарылап кетуі мүмкін. Сақтық шараларын жасауды ұмытпаңыздар дейді төтенше жағдай мамандары.