Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды ірі базарлардағы баға тұрақтылығын анықтау мақсатында сауда орталықтарын сенбі, жексенбі күндері өзі аралап шықты. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды. Анықталғандай, базарлардың ешқайсысында бағаны өсіру фактісі тіркелмеген болып шықты.
Қазіргі таңда «Шымкент әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» арзандатылған азық-түлік тауарларын сауда орындарына жеткізуде. Аталмыш корпорацияға қала тұрғындарын әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен үздіксіз қамтамасыз ету және қоймаларды қажетті тауарлармен дер кезінде толтыру тапсырылған.
Соның нәтижесінде картоп, сәбіз, пияз, қант пен І сұрыпты ұн жергілікті жұрттың сұранысын қанағаттандырарлық көлемде сатылуда. Сонымен қатар қаланың орталық алаңдарында арзандатылған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері үнемі ұйымдастырылып отыр.
Қазір, баға әбден тұрақтанғанша аталған іс шаралар жиі ұйымдастырылмақ. Оған азық-түлік қоры толық жетеді. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы билік картоп пен жуаның, қант пен ұнның тұтыну нарығына жеткізілуін үнемі қатаң қадағалауда ұстауда.
Сырттан әкелінген қымбат өнімдер базарлардан шығарылып, қазір оның орнына әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының жеткізген азық-түліктері сатылуда.