Өңірімізде бетке тұтар оқу ордаларының бірі – Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінде 12 500 студент білім алады. Олардың тек 1 500-ы ғана жатақханамен қамтылған. Десе де жоғары оқу орнының жауаптылары жатақхана тапшылығы жоқ деп сендіруде. Өйткені оларда оқитын студенттердің басым бөлігі яғни 70% -ы шымкенттіктер екен. Өз үйінде және туысының үйінде тұратындары тағы бар. Сондықтан болар, жатақханаға сұраныс жоқ, есесіне бос орындар көп екен.
Жатақханада үш жылдан бері тұратын Эльмира Тағай жоғары оқу орнына тиесілі №3 жатақхананың тұрғыны. Үш жылдан бері осы бөлмеде тұратын ол жатақхананың екінші үйіне айналғанын айтады.Дегенмен жатақханаға заманауи үлгіде жөндеу жұмыстары қажет. «Соңғы үлгідегі жабдықтармен қамтамасыз етілген, компьютер сыныптары мен кітапханасы бар. Оқимын деген бала үшін барлығы табылады. Группаластарым да осында. Ең бастысы – жылы», – деп мақтанды да.
Хош, жатақхана жетеді дейді, ал студенттердің басым бөлігі неге пәтер жалдап жүр? Бұл сұрақтың жауабы да сан түрлі болды. Өзі оқыған оқу ордасының атын айтып, түсін түстемеуді сұранған пәтер жалдаушы студенттер жатақханада жағдайдың жоқтығын алға тартты. «Ескі,есік-терезелері сынған. Қыста қабат-қабат жамылғы жауып, жылытамыз. Тұратын жеріңіз таза әрі жылы болмаса қалай сабақ оқисың?»-дейді бір тобы. Ал Мұхтар Әуезов атындағы университеттегі студенттер кәсіподақ ұйымының төрағасы Жандос Қорғанбаев бұл пікірмен келіспейді. «Көп студенттер жатақханаға тамыз-қыркүйек айларында жайғасып алады да, кейін қаша бастайды. Өйткені, жатақхананың өзіндік ережелері, белгілі тәртібі бар. Оған көнгісі келмеген, түнгі сағат 11-ден кейін жүргісі келетін студенттер пәтер жалдап, шығып жатады», – деп ойын кесіп айтты.
Ал осы тұста Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева елімізде жоғары оқу орындарының саны артқанымен, жатақхана мәселесі күрделеніп жатқанын айтады. Бұл рас. Біздің облыста мемлекеттік университеттен басқа 16 жоғары оқу орны студенттерін жатақханамен қамтуда белсенділік танытар емес. Оған мүлдем жатақханасы жоқтарын қосыңыз. Сондықтан болар, пәтер жағалайтын жастар көп.
Ардақ Жақсылықова