Сырдың суы арнасынан асты

547

Сырдарияның суы арнасынан асып, Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданы Қожатоғай ауылының жайылымдық жерлерін басып қалды. Осыған орай өңірдің төтенше жағдай қызметіне жауапты басшылар қауіпті аймаққа барып, жағдайды өз көздерімен бақылап қайтты. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

 

«Көксарай суреттегіші маңында сең қалыптасып, Шардара су қоймасынан Сырдария өзеніне секундына 900 текше метр су келіп жатқанына байланысты Қожатоғай ауылының жайылымдық жерлерін су басқан. Осыған байланысты Қожатоғай поселкесі маңындағы бөгетте де судың деңгейі көтеріліп, сең пайда болуда» делінген хабарламада.

Бүгінде аталған бөгетті нығайту жұмыстарына 322 адам мен 23 техника жұмылдырылған. Бөгетке 12 мың құм салынған қаптар тасылып, қауіпсіздік шаралары жасалды. Орын алған жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылды. Жергілікті әкімшілік пен төтенше жағдайлар қызметкерлері Сырдария өзенін бақылауға алған. Дегенмен, Көксарай су реттегішінің басты торабынан Қожатоғайға дейін және Қожатоғайдан Қызылорда облысының шекарасына дейінгі жерде Сырдың бетіне мұз қатқан.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=S1_BpfUz8Vo[/youtube]

Дегенмен, бұдан елдімекендерге төнетін қауіп жоқ. Бөгетті әлі де нығайтып жатырмыз дейді төтенше жағдайлар департаментінің мамандары. Қазіргі таңда аталған аймақта ОҚО әкімшілігінің әскери-жұмылдыру бөлімі мен «Қазжарылысөндіріс» мекемесінің қызметкерлері мұзды қай тұстардан жару керегін анықтап жатыр.