Өткен айда ОҚО Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы бірқатар БАҚ өкілдерінің басын құрап, көрші жатқан қос қалаға сапар ұйымдастырды. Бірі Түркі әлемінің астанасы атанып, екіншісі моноқалалар санатына енген Түркістан мен Кентауға барудағы мақсат – мұндағы кәсіпкерлердің жай-күйін білу. Қазір Қазақстанның жер-жерінде «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында шағын және орта кәсіпті дамытуға мемлекет тарапынан көмек беріліп жатыр. Жұртшылықтың мемлекет қолдауына қарап отырмай, өз кәсібін ашып, өзіне ғана емес, өзгеге де жұмыс тауып беруі – ел экономикасының дамуы үшін басты кілттердің бірі екенін түсінген билік: халықтың іскерлік сауатын ашуға кірісті. Соның нәтижесі қалай болып жатыр? Ілгерілеу бар ма? Осы сұрақтардың жауаптарын көзбен көріп қайттық.
Түркістан қалалық кәсіпкерлерге қызмет көрсету бөлімінің басшысы Абай Байтабаевтың айтуынша, өткен жылы 242 адам Түркістан қаласы бойынша «Бизнес негіздері» атты оқыту курсынан дәріс тыңдаған. Олардың 190-ы сертификат алып, жеке ісін бастаған. Мемлекеттік қолдау ретінде оларға 350 млн теңге көлемінде несие беріліпті. Ақшаны қолға ұстатып қана қоймай, оқытудан бөлек, құжаттарды рәсімдеу, бизнес-жоспар жасау, идеяны қағаз жүзінде қалдырмай, алған несиені оңтайлы жұмсап, жобаны жүзеге асыруда көмек берілген.
Түркістандағы кәсібін ашқан азаматтардың дені мал шаруашылына басымдық береді. Оған себеп, олардың көбісі ауылды жерлерде тұрады. Мұны ескерген орталық: 2014 жылдың Даму картасын жасап жатыр. Ол бойынша әр ауылдың орналасқан жер ыңғайына қарай, қай ауылда қай кәсіп саласын дамытудың тиімді екені сарапталады. Егіншілік, мал өсіріп, бордақылау, жылыжай өндірісі және тағы басқа да кәсіп түрлеріне бейімдігіне байланысты ерекшеленеді.
Несие алып, өз ісін дөңгелетіп отырғандардың бірі – Бауыржан Нұрашев. Ағаштан тұрмысқа қажетті түрлі бұйымдарды жасауды кәсіпке айналдырған ол 2013 жылдың маусымында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша 2 млн теңге несие алыпты.
«Алғашқыда қиын болғанымен, қазір жағдай оңалып, жұмыс жүріп жатыр», – деген кәсіпкер. «Бұл істі ең бірінші асханада пайдаланатын оқтау жасаудан бастадық. Қазір оқтаумен қатар, қолжуғыштың үш түрін шығарамыз. Негізі әр маусымға сай ыңғайлап жұмыс істейміз. Қыркүйектен көктемге дейін қолжуғыш және оқтау жасасақ, көктемде кетпен, күрекке арналған сап, жазда кесек құюға арналған қалып жасаймыз», – дейді.
Уақыт өткен сайын сұраныс артып келеді. Ұсталардың шеберлігіне тәнті болған жұртшылық үстел, орындыққа да көп тапсырыс беріп жатыр. Осыны ескерген кәсіпкер өз шеберханасын сұраныстың түріне қарай бейімдеп жатқан жайы бар. Шеберханадағы станоктар Қытайдан әкелінсе, ағашты Қостанайдан, Ресейден жеткізеді.
Қазір Бауыржанның ағаш шеберханасында 3 адам жұмыс істейді. Қыста тапсырыс көп болмаған соң, жұмысшылардың саны кеміген. Басқа уақыттарда 5-6 адам еңбек етеді. Мұнда әзірленген ағаш бұйымдарының 80-90%-ы Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстары мен Алматы қаласына жөнелтіліп, сонда сатылады. Өзінен басқа тағы да бірнеше азаматтың қолына күрек ұстатып, ісін дөңгелетіп отырған Бауыржан Нұрашев «Көктемде тағы бір станок аламын, сосын үстел, орындық жасауды бастаймыз», – дейді сеніммен. Ол кезде тағы да тағы жаңа жұмыс орындары ашылмақ.
Келесі сапар Кентауда жалғасты. Қарт Қаратау баурайындағы моноқала әкімшілігінің басты міндеті –- шаһардағы шағын және орта бизнесті өркендету. Тек Кентау емес, Қазақстандағы барлық моноқалалардың әкімшіліктеріне осындай тапсырма берілген. Жылан жылы кеншілер қаласында 29 азамат өз кәсібін ашу үшін мемлекеттен жалпы соммасы 59 млн теңге қайтарымсыз қаржы алған.
2 млн теңге қайтарымсыз несие алып, өз ісін бастаған жанның бірі – Ысқақ Жұмашев. 80 жасты алқымдаған Ысқақ ақсақал қоян өсіріп, оның терісін илеп, өңдеуді кәсіпке айналдырыпты.
– Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында дәріс тыңдап, бизнес-жоспар құрып, қоян өсіруді бастадым. Одан бері бір жылдан асып барады. Алғашында бес қояным болған, қазір қанша қоян бар екенін санамайтын да болдым. Себебі еселеп көбейген. Қоянның терісін далаға тастауға болмайды ғой. Содан тері илеймін деп, «Дамудан» 2 млн теңге несие алдым. Тері илейтін құрылғыларға тапсырыс беріп қойдым. Оларды әкелгенмен, орналастыратын жай болмай тұр. Теріні илеуге қажетті химиялық қоспаларды Астанадан алдырдым. Егер тері илейтін станоктарды әкеліп, іске қосатын болсақ, тек қоянның терісін ғана емес, мал терісін де илеуге шамамыз жетеді. Асыл есімді тері илеудің қыр-сырына қанық көмекші інім бар», – дейді қоян өсіруші.
Ысқақ Жұмашевтің азаматтық істері елге үлгі. Бір кездері өз үйінен балалар үйін ашып, жан жарымен бірге 13 жетім баланы алақанында аялап өсіргенін біреу білсе, біреу білмейді. Өз перзенттерінен бөлек 13 сәбиді бауырына басып, тәрбиелеп, оқытып, ел қатарына қосқан. Енді міне «қартайдым, қайғы ойладым» демей, «Әлемнің әміршісі — еңбек» деген сөзді ту етіп, жаңа бір іс бастап отыр. Алдағы уақытта бұл істі отбасылық кәсіпке айналдыруға ниетті.
Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы арқылы грантқа қол жеткізген кәсіпкерлердің бірі, 10 саусағынан өнер тамған қолөнер шебері – Тәуірбек Дүйсенбиев. Мемлекеттен 2 млн теңге қайтарымсыз несие алып, қазақтың ұлттық музыка аспаптарын жасап шығарады. Іске жаратылған ағаштың қалдықтарынан кәде сыйлар да жасайды. Тәуірбек шебердің жасаған түрлі ұлттық аспаптарының өтімдісі – қыл қобыз. «Қыл қобызды ешкінің терісінен, соның ішінде тұз жалаған ешкінің терісінен жасаймын. Сұраныс өте көп. Біреуін 60-70 мың теңгеден сатамын. Қазақстанның барлық аймақтарында сатылып жатыр», – дейді шебер.
Кентауда осы жылдың өзінде 30 тың жоба мамандар тарапынан мақұлданған. Түйгеніміз, қай қаланың болмасын, экономикалық әлеуетін шағын және орта кәсіпкерлік арқылы жақсартып, орта таптың үлес салмағын арттыруға болады екен.
Жәнібек НҰРЫШ