Токсикоз мазаласа…

Токсикоз мазаласа...
Токсикоз мазаласа...
Токсикоз мазаласа…

Жүктілік кезінде әйелдерде токсикоз пайда болады. Кейбір келіншектердің токсикозы қатты болса, енді бірі оның не екенін де білмейді. Токсикоз дегеніміз не? Ол неден пайда болады? Токсикозды қалай басады? Осындай сан қилы сұрақтарға жауап алу үшін Шымкент қалалық №2 әйелдерге кеңес беру ортылығының акушер-гинекологы Назира НӨСЕРОВАҒА жолыққан едік. 

Назира Нөсерованың айтуынша, токсикоздың екі түрі бар. Олар алғашқы токсикоз және соңғы токсикоз.

– Алғашқы токсикоз әйел организіміндегі зат алмасу процесінің өзгеруінен пайда болады. Яғни, жүктілік кезінде шарананың жолдасы өндіретін лактоген гормоны май қышқылдарының мобилизациясын арттырып, ақуыздың синтезін бәсеңдетеді. Нәтижесінде, құрсақтағы балаға баратын амин қышқылының қоры артады. Осылайша, бала мен оның жолдасы өздерінің қажеттіліктерін «сұрау» арқылы әйелдің ағзасындағы зат алмасу процесін өзгертеді. Мұндай жағдайға дағдыланбаған әйелдің ағзасында өзгерістер пайда болады. Ол өзгерістер токсикоздың пайда болуына әкеп соғады. Алғашқы токсикоз жүктіліктің 6-12-ші аптасына дейін созылады. Бұл кезеңде әйелдің көңіл-күйі болмай, жүрегі айнып, лоқсиды. Бірақ құспайды. Құсықтың орнына сілекей ағады. Тәулігіне 1-1,5 литр немесе одан да көп мөлшерде сілекей ағуы мүмкін. Бұл ретте жүкті әйелдің бойында әлсіздік пайда болып, болмашы нәрсеге күйгелектенгіш келеді. Сонымен қатар, жүктіліктің алғашқы айларында болашақ ана салмақ жоғалтады. Терісі құрғап, ауыз қуысынан жағымсыз иістер шығады. Дене қызуы көтеріліп, жүрек соғысы жиілейді. Артериялық қан қысымы төмендейді, – дейді акушер-гинеколог Назира Нөсерова. 

Бұл кезде дәрігерлер болашақ анаға өз денсаулығына ерекше мән беріп, күтініп жүруге кеңес береді. Токсикозға жүрдім-бардым қарамай, міндетті түрде дәрігерге көріну керек екенін ескертеді. Өйткені, жүктіліктің алғашқы жартысындағы токсикоз тек әйел үшін ғана емес, құрсақтағы баланың дамуына да кері әсерін тигізеді екен. 

Н. Нөсерованың айтуынша, кейбір жүкті әйелдерде токсикоз босанған уақытқа дейін жалғасуы мүмкін. Осы ретте мамандар токсикозды басу үшін жақсы тамақтану керек екенін алға тартады. Яғни, жүкті әйел мейлінше көбірек сұйықтық ішіп, құнарлы тағам жеуі керек. Токсикозды басу үшін таза ауада мейлінше көбірек серуендеп, таңғы асқа дейін құрамында ас содасы бар құрғақ печенье, тост жеген жөн. B6 дәрумені мен імбір қосылған шай мен су жүкті әйелдердегі токсикозды басады екен. Ал, ащы, тұзды, майлы тағамдар мен салаттарды жемегені абзал. Күнделікті жейтін тағамдардың құрамы дәрумендер мен көмірсуға бай болғаны дұрыс. Оған қоса, мамандар күнделікті дене жаттығуларымен шұғылдануға кеңес береді. Жеңіл түрдегі жаттығулар денедегі қан айналымын жақсартады. Қан айналымы токсикоз үшін де маңызды рөл атқарады. Себебі, қан айналымы дұрыс болмаса, зат алмасу да дұрыс болмайды. Ал зат алмасу токсикоздың негізгі себебі болып саналатынын естен шығармау керек.

Айжан Ермекқызы