Шала туған, салмағы 500 грамм сәбилерді күту дәрігерлер үшін өте қиын. Алайда Оңтүстік Қазақстан облысында бұл салада жақсы нәтиже бар. Облыста дүниеге келетін сәбилер саны жыл сайын көбейіп келеді. Орта есеппен жылына 80 мың келіншек босанады.
Яғни, елдегі туу көрсеткішінің төрттен бірі біздің облыстың үлесінде. Ерте туып қалу саны 12,2% көлемінде, бұл — орташа көрсеткіш. Былтыр облыста салмағы аз 110 сәби дүниеге келді. Олардың 60 пайызы тірі қалған. Жергілікті дәрігерлер перинаталдық орталықтарға келген шетелдік мамандар осындай нәтижеге таңданып отыр дейді.
Салмағы 500 грамм баланы күтудің қиындығы сол — ондай сәбидің өкпесі толық демалуға әлі дайын емес. Әрі өз бетімен өмірге бейімделе алмайды. Ақ халаттылар дүниеге келген шақалақтың өкпесі ашылуы үшін Куросурф препараты керек екенін айтады. Оның бір ампуласы 2000 доллар тұрады. Сонымен бірге шақалақты анасы және медицина қызметкері тарапынан күтім керек. Осындай сәбилер арнайы бокстарда өсіріледі, онда ананың жатырындағыдай күй жасалынған.