Белгіленбеген жерде саудасын қыздырып тұрғандар қаланың сәніне сын ғана емес, жаяу жүргіншілердің де еркін жүруіне кедергі келтіреді. Алайда мұнысын сезініп отырған олар жоқ. Біразы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл да төлеген. Алайда бұл жаза жабайы сауданың жолын кесуге түрткі болып отырған жоқ.
Сақылдаған сары аязда далада тұрып, сауда жасаған бұл азаматшалар рейд жұмыстары саудаларына әжептеуір кедергі келтіретінін жасырмайды. Десе де бір-екі сағаттық тексеру жұмысы біте сала баяғы әдеттеріне қайта көшеді. Өйткені олар базар ішінен орын алып, сауда жасауларына қалтамыз көтермейді дейді.
Енді бірі 16 жылдан бері көшеде сауда жасап жүргенін жасырмайды. Сондықтан қанша рет ескерту беріп, сан рет қуса да осы жерден кетпейтінін айтып салды. Тексерулер толастамай кетсе, қашып жүріп-ақ саудасын жасап, нәпақасын табатын көрінеді. Жол жиегін жағалаған саудагерлердің бұған еті үйренген.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=HGOyxhtv3WY[/youtube]
Ал ретсіз сауданы жөнге келтіреміз деген топ рейд жұмыстары жалғаса береді дейді. Жыл басынан бері 27 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Әсіресе, Төлеби көшесіндегі жаяу жүргіншілердің жолын тазарту кезек күттірмейтін шаруа болып тұр.
Қайрат Базарбеков, қалалық кәсіпкерлік бөлімінің сектор меңгерушісі: «Бұл жұмыстар жалғасын табады. Біз аптасына екі рет рейд ұйымдастырып, белгіленбеген жерде сауда жасауға болмайтынын түсіндіреміз.»
Бұл жолы хаттама толтырылып, ешкім жауапкершілікке тартылған жоқ. Ал қаланың қақ ортасындағы Төлеби көшесі бұрынғысынша саудасы қызған орынға айналып тағы қалды.