Шымкентте 30 мың жер учаскесі заңсыз сатылып кеткен

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі жер учаскелерінің сатылымын қадағаламайды! Бұлай деп еліміздің бас прокуроры Асхат Дауылбаев айтты. Құқыққорғаушылардың мәліметінше, бір Шымкенттің өзінде заңсыз құжатпен 90 жер учаскесі рәсімделіп, мемлекет оны қайтадан сатып алған.

жер телімі

Осыдан соң Оңтүстіктегі жер дауындағы былықты іле-шала облыс әкімі де нысанаға алды. Сөйтсек, біздегі мәлімет бойынша заңсыз берілген жер 3,5 мың гектарға жуық екен. Бұл – 30 мың жер учаскесі деген сөз. Айта өтейік, бұл жерлер қалаға жаңадан қосылған Сайрам, Төлеби, Ордабасы аудандарының жері.

Міне, парадокс. Бас прокуратураның заңсыз жер телімі туралы айқайға салған 90 фактісі жолда қалды. Шымшаһардың әкімі келтірген шындық бұл сұмдықты 300 есеге орап алды. Яғни, жаңа бас жоспар бойынша ауыл шаруашылығы мақсатында берілген жерді «халқына тым жақын әкімдер» 8 сотықтан бөліп сатып, май шелпекке айналдырған.

Дархан Сатыбалды, қала әкімі: «Қазір 3480 гектар жер бөлініп кеткен. 8 соттық бойынша. Ол деген – орта есеппен 30 мың тұрғын үй. 30 мың тұрғын үйде шамамен бес адамнан алсақ, 150 мың халық деген сөз. Бөлініп кеткен. Және оның инфрақұрылымы да жоқ, басқасы да жоқ.»

Алайда, мұндай дәйекті облыс әкімі күткен жоқ болатын. Өйткені, жауапты басқарма басшылары әкімнің басын басқа фактілермен «қатырып» еді. Шымкенттің әкімі жер сатудағы құйтырқылықты осы жиында салмағанда соңғы 3 жылдан бері жасалған заңсыздық жабулы қазан күйінде қалары бек мүмкін болатын.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=slZNjhk6rjw[/youtube]

Асқар Мырзахметов, облыс әкімі: «Жер инспекциясы, екі басқарма! Міне, қара! Заңсыз берілген жерлер. Жаңа сіздер баяндамада не айттыңыздар?! Нақты жағдай, міне, мынау. 3480 гектар. 30 мың тұрғын үй. 150 мың халық. Міне, заңды бұзып отыр көз алдыңда. Ал сендер маған басқа әңгіме айтасыңдар!»

Алайда, бұл сауалға жер инспекциясының мамандары аталған жерлердің былтыр бөлініп кеткенін, арнайы арыз келіп түспесе, олардың тексеруге құзыреті жетпейтінін айтты.

Бақыр тиынына дейін ұқсатып, әкімінен жер алған қараша халық алдағы күндері билік мекемелерінің алдын шулатса, таң қалмаңыз. Өйткені, титімдей телім алам деп тұйыққа тірелген 150 мың халық – бұл шымшаһарға жаңа қосылған аудандардың ғана халқы. Десе де, қала басшысы Дархан Сатыбалды жер дауындағы осы түйткілді тарқату үшін шаһар бюджетінен 90 миллион теңгенің бөлінгенін айтты. Оның қаншалықты нәтижелі болары – уақыттың еншісінде.