Жылу беру маусымы аяқталды

323

Шымкент қаласында жылу беру маусымы аяқталды. Осы салаға жауапты қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосыновтың мәлімдеуінше, биыл бұрынғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай қиындықтар болмаған. Тұтынушылардан түсетін шағымдар  да жылдағыдан аз болыпты.

Көпқабатты үйлерге жылу беру тоқтатылды

Желтоқсан көшесінің тұрғындары биылғы жылыту маусымы үшін дән риза. Айтуларынша қыста пәтерлері жылы болған. Бұрынғы маусымда пәтерді жылыту үшін электр құрылғыларын қосымша қосып жүрген қалалықтар бұл жолы орталық жүйеден келген жылуға қанығыпты.

Мұндай нәтижеге жетуге қысқа дайындық жұмыстарының мерізімінде жүргізілуі әсерін тигізді дейді қала басшылары. Былтыр Шымкент қаласы бойынша орталық жылу жүйесінің 16 жарым шақырымға жуығы жөндеуден өткен. Тағы 14 шақырымнан астамы қымталған. «Нұрсәттегі» қосалқы станса да жаңғыртылды. «3-Энергорталық» қаржысына негізгі қондырғыларды жаңартыпты.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=iYXwDotBjzs[/youtube]

Бейсенбек Жанбосынов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Қатты аяз болғанда қалада газдан шектеу болып, тұтынушылар уақытша ыңғайсыздықтар көрді. Алайда шұғыл жұмыс жүргізіліп,  мамандар жағдайды реттеді.»

Салаға жауапты басшының айтуынша, өткен жылу беру маусымындағы ақаулар зерделеніп, талдау жасалынады. Тозығы жеткен жылу жүйелері кезеңімен алмастырылмақ. 2014-2015 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары сәуірдің бірінен басталады.