Алты жасар балақайды көлік қағып кетті

297
Аты бар заты жоқ жол белгісі

Шымкенттегі Әбубәкір Диваев және Мәделі қожа көшелерінің қиылысында мектепке бара жатқан 6 жасар оқушыны көлік қағып кетті. Көше тұрғындары апатың жиілеуінің бірден-бір себебі деп, мұндағы арнайы белгілердің тек аты ғана бар, заты жоғын айтады.

Таңертең мектепке бара жатқан 6 жасар бөбек білім ошағына сол күйі жете алмады. Көліктің қатты соққысы оқушыны 10 метрге дейін ұшырып жіберген. Ауыр жарақат алған баланы жедел жәрдем көлігі облыстық балалар ауруханасына жеткізді.

Тимур Бегманов, нейрохиру ргия бөлімінің меңгерушісі: «Диагнозы – бас миының шайқалуы. Жұмсақ ұлпалардың езілуі. Қазіргі жағдайы орташа ауыр. Өзіне қажетті ем алып жатыр. Әзірше өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.»

Қазақи тілмен айтқанда, бүлдіршінді періштесі қақты. Ал осы маңдағы тұрғындардың айтуынша, бұл қиылыста көлік апаты мен жаяу жүргіншіні қағып кету оқиғасы жиі болады екен. Себеп – бағдаршам мен жүргіншілер жолағы жоқ. Әбубәкір Диваев көшесімен келе жатқан жүргізушілер Мәделі қожа көшесіне келгенде кімге-кім жол берерін білмейді. Өйткені мұнда арнайы белгі көрінбейді. Осы мәселені айтып қақпаған есігіміз қалмады дейді көше төрағасы.

Аты бар заты жоқ жол белгісі
 

 Рахим Досметов, көше төрағасы: «Бағдаршам жоқ. Бұзылып қалған. Екі күнде бір апат болып тұрады. Кейбір жол белгілері көрінбейді. Әкімдіктен мына жерге бағдаршам қоюды сұранамыз.»

Ал жауапты мекеме қызметкерлері бұл көше қиылыстарындағы жағдаймен таныс және мәселені зерттегендерін айтады. Жақын уақытта бағдаршам орнатуды жоспарлап қойыпты.

Наурыз Сүгіралиев, қалалық көлік және коммуникация секторының меңгерушісі: «Бұл көше тұрғындары бізге арызданған болатын. Жол полициясы қызметкерлері зерттеп-зерделеп, солардың «Бағдаршам қою керек» деген  шешімі негізінде біз арнайы конкурс жариялап, ол жерге мамыр айында бағдаршам қоюды жоспарлап қойдық. Ал жол белгілерін жауып қалған бұталарды кесу бойынша арнайы мекеме қызметкерлеріне тапсырма береміз.»

«Сақтансаң, сақтайды» деген. Айта кету керек, жыл басынан бері облыста 28 адам жол апатының құрбаны болды.