Азат шағынауданының тұрғындары суға зәру

280

Үшінші мегаполиске айналғалы жатқан қалада тұрса да ауызсуға жарымай отырғандар бар. Жылдар бойы суды тасып ішетіндердің біразы Азат шағынауданында тұрады.

Олар – Еңбекші ауданына қарасты Азат шағынауданы, Алма Оразбаева көшесінің тұрғындары. 60 отбасы тіршілік нәрін тасып ішуден шаршаған. Су сұрап бармаған жерлері, арыздарын жазып қақпаған есіктері қалмапты.

Шәмшагүл Өтеева: «Көрші Ақжол мен Ақбидай көшесіне қалалық су өткізді. Мына 60 үй қалып кетті. Алма Оразбаева 58-үйге дейін қалалық су келеді. Алдыңғы жылы ол жаққа су кіргізген кезде біз мына екі ортадағы 60 үй қалып кетпесін деп шырылдадық. Бармаған жерлері қалмады халықтың.»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=YvTFyxV0ED0[/youtube]

Зейнеп Рысбекова бес баланың анасы. Балалары мектептен келе сала тасып беретін суын үнемдеп жұмсайды. Есік алдын көгалдандырмақ түгілі, ішерге су таппай қалатынын жасырмайды.

Зейнеп Рысбекова, Алма Оразбаева көшесінің тұрғыны: «Көшеде көпбалалы отбасы көп. Немерелере бар. Кір жуу керек. Жуыну керек, шайыну керек. Судан әбден таршылық көрдік.»

Теміржолдың арғы бетіндегі көшеден суды тасып ішіп отырған тұрғындар су сұрай беруден ұялады. Олардың су есептегіш құралы барын ескеріп, түсінуге тырысады. Наразы топ өзіміздің көшеге су тартылса деп сұрайды. Билікке уәждерін жеткізе барғанымызда ондағылар Азат шағынауданы жүз пайызға ауызсумен қамтылғанын алға тартты. Дегенмен6 тұрғындардың өтінішін жерде қалдырмайтынын жеткізді.

Мәлік Әбдінұров, Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары: «Сумен қамтамасыз етуде қала бойынша тапсырыс беруші ТҮКШ бөлімі болып саналады. Сол бөлімге ұсыныспен шығып, сол үйлерге жобалық-сметалық құжаттаманы дайындап, құрылысқа ұсыныс береміз.»

Ал әзірге сусыз отырған азаттықтар өлместің күйін кеше тұруға мәжбүр.