«Мәңгілік ел» идеясын қалыптастыруға әрбір қазақстандық атсалысуы керек

329

Киелі Түркістан топырағында «Мәңгілік ел» идеясын қалыптастырудағы қазақ этникалық тарихының рөлі» атты республикалық конференция өтті.

«Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, оны ұстап тұру әлдеқайда қиын» деген зиялы қауым өкілдері ұлттық идея қазақстандықтардың игілігіне айналып, нақты өмір шындығы ретінде орнығуы тиіс деп есептейді. Облыс және Түркістан қалалық әкімдігі мен ХҚТУ-дің «Алаш» тарихи-зерттеу орталығы бірлесіп ұйымдастырған конференцияда келелі ойлар айтылып, мазмұнды баяндамалар оқылды.

Айта өтейік, республикалық «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының ұжымы соңғы 10 жыл көлемінде қазақ халқының тарихын, оның әлемдік өркениеттегі орны мен рөлін ғылыми талдауға бағытталған жобаны іске асырып келеді.

Қазыретәлі Тұрсынов, тарих ғылымдарының докторы: «Ұлттық идеяны орнықтыру – әрбір қазақстандықтың, соның ішінде әрбір зиялы қауымның басты бағдары болуы керек. Әркім өз саласында жұмыс істей отырып, дәл осы Мәңгілік ел идеясына қызмет жасауымыз керек. Ал біздің университет ұжымы осы идеяны орнықтыруға тек тарихи аспектісі жағынан ғана келіп отырған жоқ.»

Ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушылар жастарға үлкен сенім артатынын айтты. «Мәңгілік елдің» перзенттеріне Елбасының барлық жағдай жасап отырғанын алға тартып, бір мақсат, бір мүдде, бір болашаққа нық қадам басып, білім алуға шақырды. Сонда ғана әлемде дамыған 30 елдің қатарынан ойып тұрып орын аламыз деп тарқасты.