Оқушы қыз аса ауыр қылмысты ашуға көмектесті (видео және фото)

390

Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Асқар Оспанов 16 жасар оқушыны қабылдады. Жасөспірім қыз полиция қызметкерлеріне қоғамдық резонанс тудырған аса ауыр қылмысты ашуға көмек көрсеткен.

2014 жылдың 1-сәуірі күні Шымкент қалалық Әл Фараби полиция бөліміне 37 жастағы қала тұрғынынан хабарлама келіп түскен. Ол хабарламада өзінің пәтерінде әйелінің пышақ жарақатынан алған өлі денесі жатқанын айтқан.

Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобы марқұмның 1969 жылы туылған, Шымкент қаласындағы мектептердің бірінде бастауыш сыныпта мұғалім болып жұмыс істейтін жергілікті тұрғын екенін анықтады. Криминалисттер өлген әйелдің денесінде 16 пышақ жарақатын тапты.

Полиция қызметкерлері оқиға орнын қоршап, адам өлімін көрген куәгерлерді сұрастырған. Жинақталған мәліметтер мен куәгерлердің берген түсініктемесі және мұқият тексеру жұмыстарын қорытындылай келіп, осы орын алған аса ауыр қылмыс тонау үшін жасалды деген тұжырымға келген. Себебі, жәбірленушінің үйінен бірнеше бағалы заты мен ақшасы жоғалған. Осы тұжырым соңында өз дәленін тапты.

Күдіктінің ізіне түсуге құқық қорғаушыларға 16 жасар оқушы қыз көмектескен. Ол сол күні кешкісін жас жігіт жәбірленушінің сөмкесін алып, подъезден жүгіріп шыққанын көріп қалғанын айтқан. Күдікті азамат бір нәрсеге алаңдаулы болғаны автокөлікке отыратын кезде, абыржып, алдымен артқы орындығына отырып, содан кейін рөлге отырыпты. Осыны байқаған оқушы қыз күдіктінің белгілерін, автөкөліктің маркасын және мемлекеттік нөмірінің бірнеше санын есіне сақтап, полиция қызметкерлеріне айтқан.

Әл Фараби полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізген жедел іс-шаралар барысында 1994 жылы туылған, жұмыссыз және еш жерде оқымайтын Шымкент тұрғыны күдікті ретінде құрықталды.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=S-FcS9ARRYk[/youtube]

Тергеу барысында күдікті азамат өз кінәсін толық мойындаған. Қылмысқа бару себебін ол қаржы тапшылығы туындағандықтан жасағанын айтқан. Күдікті жәбірленушінің соңынан аңдып келіп, алдау арқылы пәтеріне кіріп, бірнеше пышақ жарақатын салып, бағалы заттары мен ақшасын алып кеткен.

Ұсталған азаматтың үстінен ҚР ҚК-нің екі бабы яғни, 96-бап – адам өлтіру, 179-бап – қарақшылық фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынған.

Ал қылмыскерді ұстауға көмегін берген оқушы қызға генерал Асқар Оспанов алғыс білдірді. Оған ноутбук сыйға тартылды және кез келген ведомстволық жоғарғы оқу орнына оқуға түсуіне жәрдемдесуге уәде берді. Оқушы қыз биыл мектептегі оқуын аяқтайды, айтуынша, ішкі істер министрлігінің оқу орнына түсем деп жоспарламапты. Сондықтан, бұл ұсынысқа бір апта ойланғаннан кейін жауап беруге уәделесті.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=6-HjCkdWVQQ[/youtube]

Награждение (1)