Оңтүстікте 124 мың гектар жер игерусіз жатыр

Оңтүстікте ауыл шаруашылығы мақсатындағы 124 мың гектар жер игерусіз жатыр. Үш жылдық түгендеу нәтижесінде белгілі болған бұл мәліметті облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Созақбай Әбдіқұлов мәлім етті. Жерді ұқсатып ұстамаған аудандардың ішінде, әсіресе, ордабасылықтар жерге қаратып тұр.

бос жер

Үш жылдық түгендеуде облыста кәдеге аспаған 565 мың гектар жер анықталса, соның 441 мыңы мемлекетке қайтарылыпты. Ал дәл қазіргі күні облыста 124 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер пайдасыз жатыр. Жерді дұрыс ұқсатуда ақсап тұрғандар – Түркістан мен Ордабасы аудандары.

Асқар Мырзахметов, облыс әкімі: «Мынау тиіп тұрған Ордабасы ауданында 16 мың гектар жер игерілмей жатыр. Ал Сайрам ауданында жер жетпейді. Неге Сайрамға осы жерді бөліп бермейміз?! Ол жерде не істелінді? Кімнің жерге деген қызығушылығы бар басқа аудандардан, соның бәрін анықтау керек те мынаның бәрін таратып беру керек. Ондай тапсырма да айтылды. Не істелінді?»

Созақбай Әбдіқұлов, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы: «Біздің тарапымыздан ештеңе істелген жоқ. Ауыл шаруашылығына қарап отырмыз ғой. Егістік жердің көлемі биыл 885 мың гектар болады деп отыр. Былтырғымен салыстырғанда 32 мың гектарға артық. Бірақ, бір ауданнан бір ауданға жер бөліп береміз деп өтірік айта алмаймын.»

Мына қызықты қараңыз. Осынша жерді қожайындары пайдаға асыруды қаламаса да, оларға керексіз жерді басқа аудандардың кәсіпкерлеріне бөліп беру заңға томпақ келеді екен. Жыры көп. Әйтпесе, бәрі де осы елдің азаматтары. Облыс әкімінің зығырданын қайнатқан да осы тұс.

Асқар Мырзахметов, облыс әкімі: «Бізге жерді игеру керек. Қосымша қор ғой мынаның бәрі. Экономикамызды дамытатын ресурс мынаның бәрі. Өнімді көбейтеді. Бюджеттің кірісін көбейтеді. Керек болса, облыстың әрбір тұрғынының әл-ауқатын көбейтеді.»

Жиында басшы білгісі келген бірде-бір сұраққа тұшымды жауап берілмеді, дұрыс талдау жасалмады. Енді келтірілген дәйектердің нәтижелі шарасы толтырылған хаттаманың қорытындысына сай болмақ.