Отандық өнімдердің сапасы шетелдікінен нашар емес

989

Отандық өнімге қолдау. Еліміздің дәрігерлері Оңтүстікте шығатын дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтың өндірілу барысымен танысты. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі бастап келген топ «ҚазМедПрибор» серіктестігіне бас сұғып, отандық өнімнің шекара асып келетін құрылғылардан кем емесіне көз жеткізді.

Шымкенттегі «ҚазМедПрибор» мекемесінде медициналық құрал-жабдықтың 400-ден аса түрі шығарылады. Сондай-ақ, жедел-жәрдем көлігін бастан-аяқ жабдықтап, қажетті құралдармен қамтамасыз етеді. Мекемеде электрокардиографтар, медициналық мониторлар сынды тауар түрлері де жасалады. Былтыр үш жүзге жуық жедел-жәрдем көлігі жабдықталып, «Салауатты Қазақстан» бағдарламасы аясында еліміздің емдеу орындарына жөнелтіліпті.

Дәулет Каташов, «ҚазМедПрибор» ЖШС директоры: «Оның ішінде отандық өнім 70 пайызға жуық. Автокөліктің өзі Қостанайда, яғни «Сарыарқа Автопромда» шығарылады. Ал ішіндегі құрылғылардың барлығын «ҚазМедПрибор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шығарған.»

электрокардиографтар
Электрокардиографтар

Кәсіпорынның өндіріс алаңын, дайын өнімдерін аралап шыққан әр өңірдің бас дәрігерлері соңғы үлгіде жабдықталған ота үстеліне қызығушылық танытты. Отандық өнімнің сапасын жоғары бағалап, бағасы да арзан деп түйді. Еліміздегі ауруханалар мен зертханалардан көптеп тапсырыстар түседі деген сенімдерін де білдірді. Айта өтейік, былтыр Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасы 28 жедел-жәрдем көлігін сатып алыпты.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=opaVdBFeYgY[/youtube]

 

Манас Рамазанов, Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары: «Алматы – өте үлкен қала. Бір күнде 150 көлік қызмет көрсетуге шығады. Әрине, осындай сапасы жақсы көліктер керек. Уақытымен автомобиль паркі рет-ретімен ауыстырылады деп ойлаймыз.»

Айтпақшы, «ҚазМедПрибор» мекемесінің басшылары өздерінің тұрақты тұтынушысына айналған Астана мен Алматы қаласындағы денсаулық сақтау басқармасына бір-бір жедел-жәрдем көлігін сыйлады. Өйткені, отандық өніммен жабдықталған жедел-жәрдем көлігіне бірінші болып тапсырыс берген – сол өңірлер екен.