Әйтеке бидің 370 жылдығына ас берілді (фоторепортаж)

Әйтеке бидің туғанына – 370 жыл. Қара қылды қақ жарып, Қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқан атақты үш бидің бірі – Әйтеке Байбекұлының рухына арнап ұрпақтары ас берді. Өзбекстанның Навои облысы, Нұр ата ауданында жерленген Кіші жүз биінің басына барып дұға бағыштаған Қазақстандық және Қарақалпақстандық делегация баба рухын осылай тағы бір асқақтатты.

Әйтеке бидің асы

Әйтеке бидің асы

Әйтеке би басына жасалған бұл жорық ел тәуелсіздігін алғалы үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Баба рухына бағышталған алдыңғы екі асқа Оңтүстіктің өрендері ұйытқы болған. Бұл жолғы кезекті шараны Қызылорда облысының билігі міндетіне алыпты. Атам бөлек деген жоқ. Қазақтың Әйтекесінің асына әмме Алаш жұрты жиналды.

Әйтеке бидің асы

Әйтеке бидің асы

Орынбай Рахманбердиев, ҚР Парламент Сенатының депутаты: «Кеңес заманында әруақтарға дуа оқымақ түгілі олардың атын атауға мүмкіндік болмады. Бүгін, міне, шүкіршілік етуіміз керек, баба рухына дұға оқып, ас беретін заманға келдік. Барлықтарыңызға ниет қабыл болсын, зиярат қабыл болсын деймін!»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=Iv-7ESFAkS4[/youtube]

Орта Азия халықтары бас қосқан жиында баба рухын қастерлеген ұрпақ Байбектің ұлы Әйтеке жайлы толғаулар оқып, жыр арнады. Тура бидің түрлі дауды бейбіт шешкен аңыз-әпсаналарын ортаға салып, кейінгі ұрпақтың құлағына құйды. Төскейде малы, төсекте басы қосылған өзағалар елінде 1 миллионнан астам қазақ өмір сүрсе, соның 60 мыңдайы осындағы Новои облысында тұрады. Өзге елдегі қаракөздер Нұр атадағы баба кесенесін ұмытпаған. Жиі келіп, зиярат етеді екен.

Әйтеке бидің асы

Әйтеке бидің асы

Жаңабек Әбішев, қоғам қайраткері: «Бүкіл Европа соңғы IV-V ғасырларда Түркі тұқымдастарының бірігуінен қатты сескенген. Мынау қиын, жаһандану заманында тек біріккен ел ғана өзінің күшін жинайды да, мықты болады және тарихта сақталуын қамтамасыз етеді. Сондықтан бұл жорықтарға келудегі мақсатымыз – өзіміздің қандастарымызға рух беру. Оларға патриоттық тәрбие беру.»

Әйтеке бидің асы

«Өлі разы болмай, тірі байымайды.» Осынау астан соң Қазақ елінің делегациясы Самарқандағы Жалаңтөс баһадүр жерленген молаға барып, дұға бағыштады. Өзіндік ержүрек, баһадүрлігі һәм даналығымен Самарқанды билеген Жалаңтөс баба Әйтеке биге бөтен емес. Жақын туысы.

Жалаңтөс баһадүр

Жалаңтөс баһадүр

Құдайберген Оңғаров, Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы: «Біз өлгенді риза қылмай, байымайтынымызға көзіміз жетеді. Сондықтан балалар, жастар, әсіресе, қазақтың осы дәстүрін алып, естен шығармай ұстануларың керек. Сонда ғана біз ел боламыз. Ал елдің атын ер шығарады. Ерді біз ұлықтай білсек, ол елдің басынан бақ та кетпейді, ерінің астынан тақ та кетпейді.»

Жалаңтөс баһадүр

Өзбекстан жерінде Әйтеке биге арналған түрлі іс-шаралар апта бойы жалғаспақ. Ұйытқы болған қызылордалықтар көкпар беріп, айтыс өткізуді жоспарлапты. Ал баба рухына арналған кезекті асты ұйымдастыру ақтөбеліктердің міндетіне бұйырды.