Балаңыз ҰБТ-дан сүрінбесін десеңіз…

Мектепті бітіріп, орта білім алып шығу – әрбір баланың өмірінде болатын елеулі бір белес. Бұл қуаныш көбіне бала үшін де, оның ата-анасына да үлкен жауапкершілікпен қатар, эмоциялық күйзеліс алып келеді.

Күйзеліс дегенiмiз – адам ағзасының сыртқы ортаға психофизиологиялық жауап беру реакциясы. Сыртқы ортадан алынған кез-келген ақпарат адам ағзасы, жүйке-жүйесі, жан дүниесi үшiн тiтiркендiрушi құбылыс.

21-033

Күнделікті шектен тыс жүктемелер біздің жүйкемізді шаршатып, қоздырады. Күйзеліске ұшырай отырып, ағза қоршаған ортаның жағымсыз әсерлеріне қорғаныштық жауап қайтарады. Стресс алған адам мінез-құлқын өзгертіп, қорқыныш сезімі, депрессия, невроздар, эмоциональды тұрақсыздық, көңіл- күйдің түсуі, есте сақтаудың нашарлауы, ұйқысыздық, селқостық сияқты психоэмоционалды бұзылыстарға алып келеді.

Күйзелістер, әсіресе олар жиі және ұзақ болса, физикалық денсаулыққа да кері әсерін тигізеді. Олар көптеген аурулардың дамуы немесе өршуіне қауіпті фактор болып табылады. Жүрек-қантамыр, асқазан-ішек аурулары, иммунитеттің төмендеуі сияқты аты жаман аурулардың дамуына әкеледі.

Адам өмірінде стресске алып келетін жағдайларының бірі – емтихан, мектеп бітіруші жасөспірімдер үшін – ҰБТ. Әрине, емтихан біздің өміріміздегі қиын болса да, айналып өтуге келмейтін сынақ. Кейбіреулер емтихандарды оңай қабылдап, өз біліміне кәміл сенеді, ал көптеген жасөспірімдерге ҰБТ және онда алатын бағасы едәуір қобалжумен байланысты. Мұндай жасөспірімдер ҰБТ болады дегеннен-ақ үрей, қорқыныш, өзіне деген сенімсіздік сияқты негативті эмоцияларды сезінуі мүмкін. Психологияда мұндай сипаттағы эмоциялық күйді емтиханмен (тестілеумен) байланысты үрей деп түсіндіреді. Адамның эмоциялық үрейдегі күйлері төмендегідей көрініс беруі мүмкін:

– кейбір бақылау функцияларының бәсеңдеуі,

– қорғаныс реакцияларының бұзылуы,

– қимыл қозғалысқа теріс әсер етуі,

– еріктік функцияларының бәсеңдеуі, т.б.

Сондықтан да, ҰБТ-ны тапсыруға даярлану кезінде педагогикалық көмекпен қатар, мектеп бітіруші жасөспірімдерге психологиялық тұрғыдан да едәуір жәрдем ету қажеттілігі туындайды. Өмірінің жауапты кезеңінде психологиялық көмекке бала қандай мұқтаж болса, оның ата анасына да психологтың кеңесі ауадай қажет.

Күйзеліс дегенiмiз – адам ағзасының сыртқы ортаға психофизиологиялық жауап беру реакциясы. Сыртқы ортадан алынған кез-келген ақпарат адам ағзасы, жүйке-жүйесі, жан дүниесi үшiн тiтiркендiрушi құбылыс.
Күйзеліс дегенiмiз – адам ағзасының сыртқы ортаға психофизиологиялық жауап беру реакциясы. Сыртқы ортадан алынған кез-келген ақпарат адам ағзасы, жүйке-жүйесі, жан дүниесi үшiн тiтiркендiрушi құбылыс.

Психологиялық қолдау көрсету психолог маманы болмаса да, әрбір ата- ананың қолынан келеді. Баланың ҰБТ-дан сүрінбей өтуінің басты факторларының бірі ата-анасының ықыласы мен ниеті десек те болады. Сонымен, мектеп бітіруші баланы қалай қолдаймыз?

Ата-ана тарапынан психоло-гиялық қолдау көрсету дегеніміз – өз баласының күшіне сену. Өз перзентін қолдау үшін ересек адамдардың мүмкіндігі мол, өйткені ата-ананың абыройы бала тұлғасы үшін сөзсіз жоғары болғандықтан, әкесінің немесе анасының пікірі көп жағдайда жасөспірім үшін басты рөл атқаратыны анық. Балаға сенім артудың өзі – оның жігерін шыңдап, талпынысын жандандыруға негіз бола алады. Жасыратыны жоқ, көп ата-ана өз баласына түрлі жағдаяттарда сенбей, өзгелердің балаларымен салыстырып, өз баласының мүмкіндіктерін төмендетіп отырады. Ол әрине, «балам жаман болсын» деген оймен емес, керісінше, «шалыс қадамнан қорғаймыз» деген пиғыл деп түсіндіреді. Дегенмен, бала қателеспей, өзіндік тәжірибе жинақтай алмайтыны тағы бар, ал психологиялық тұрғыдан өз күшіне сенбейтін баланың өзін-өзі бағалау деңгейі төмен болып қалыптасуы мүмкін. Сонымен, құрметті ата-ана, балаңыздың қандай тұлға болып өсуі өздеріңізге тәуелді екенін ұмытпағайсыз.

Баланы жігерлендіру үшін ең бастысы, оны өзіңізге тең көріп, оған үлкен сенім арту қажет, мысалы мынадай сөздермен ынталандыру: «Бұл сенің қолыңнан келеді», «Сен мұны өте жақсы меңгергенсің», «Сенің бұл істі жақсы орындауыңа мен сенімдімін», т.с.с. Балаға тек сөзбен ғана емес, қолдауды бірлесіп жасаған іс-әрекет, эмпатия арқылы да көрсетуге болады:

– Балаңыздың күшті жақтарына негізделу;

– Оның бұрынғы жасаған қателіктерін бетіне баспау;

– Күнделікті өмірде балаңызға деген сеніміңізді білдіріп отыру, оның күшіне сену, мейірімділік таныта білу.

– Үй ішінде сыйластық пен достық атмосферасын орнату, баланы жақсы көретініңізді білдіру. Әсіресе, ҰБТ жақындаған сайын баланың үрейін туғызатын сөздер айтудың қажеті жоқ, өйткені ол кері әсерін тигізуі мүмкін. Баланың өз-өзіне деген сенімі төмендеген сайын, ертеңгі күні тестілеу кезінде дұрыс жауаптарға күмәнданып, қателіктің көбеюіне алып келуі ықтимал.

ҰБТ тапсырушылар, әсіресе,  балық, ірімшік, жаңғақ, өрік жегені жөн.
ҰБТ тапсырушылар, әсіресе, балық, ірімшік, жаңғақ, өрік жегені жөн.

Осы кезеңде балаңыздың денсаулығына назар аударыңыз. Күйзеліс кезінде адам ағзасы әлсіз келеді, иммунитеті төмендейді. Ең жақын адамдары – жанұясы болғандықтан, көмекті де сіздерден күтеді. Балаңыздың күн тәртібін, сабақ оқу мерзімі демалыспен алмасуын, күшінің шамадан тыс зорықпауын қадағалаңыз. Үйде өзіндік даярлануына, ешкімнің кедергі жасамауына жағдай жасаңыз. Тап осы кезеңде баланың тамақтануына да зейін салған жөн. Мысалы, түрлі витаминдер, балық, ірімшік, жаңғақ, өрік және т.б. тағамдардың бас миының қарқынды жұмыс жасауына әсері мол екендігін ғалымдар дәлелдеген болатын.

Балаңызға өз уақытын үнемдеуді, тапсырмаларды күндерге бөліп, рет- ретімен орындауды үйретіңіз.

Мектеп бітіруші түлектердің ҰБТ-ны тапсыру кезінде мынадай нәрселерді ескергені жөн:

Біріншіден, алдымен барлық тестілерге көз жүгіртіп көріп алу, тапсырмалармен танысу;

– Екіншіден, сұрақты соңына дейін оқып, ұғыну (ҰБТ кезіндегі басты қателік – сұрақтың бас жағын ғана оқып бірден жауап жазу);

– Үшіншіден, егер тест сұрағына бірден жауап бере алмасаң, немесе сенімсіз болсаң өткізіп жібер, соңынан қайтып келіп, ойланарсың.

Ең бастысы, ата-аналарға айтарымыз, балаңыз осы маңызды белестен сүрінбей өтсін десеңіз, қорқыныш пен үрейін сейілтіп, ҰБТ-ға дайындалуына қолайлы жағдай жасаңыз. Және де балаңыздың эмоциялық күй жағдайына назар аударып отырыңыз, өйткені сіздер үшін бұл дүниедегі ҰБТ-да алған бағадан да қымбат, ең бас-ты құндылық – балаңыз екендігін ұмытпаңыз.

Зәурет Қабылбекова, п.ғ. докторы, профессор «Қазақ психологтар Қауымдастығының» ШФ төрайымы