Шымкенттіктердің әлеуеті артып келеді

Әбдіғали Ертаев

15 жылдың iшiнде елімізде халықтың табысы 16 есе өсіп, табысы күнкөрiс деңгейiнен төмен азаматтардың саны 7 есеге, ал жұмыссыздардың саны 2 есеге қысқарды. Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында осылай мәлімдеген. Осы ретте, Шымкент халқының әл-ауқаты қандай, оларға мемлекет тарапынан нақты қандай жағдайлар жасалып отыр деген сұрақтармен Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Әбдіғали Ертаевқа жолығып, сауалдарымызға жауап алған едік.

Әбдіғали Ертаев
Әбдіғали Ертаев

– Әбдіғали Нәлібайұлы, жұмыспен қамту – халықты әлеуметтік қорғаудың негізі, қоғамдық байлықтың артуы мен өмір сүру сапасын жақсартудың басты тетігі екені белгілі. Десек те, арамызда жұмыссыздықтың қамытын кигендердің саны азаяр емес. Жұмыссыздықтан толықтай арылу үшін қандай шаралар қолға алынып отыр? Әңгiменi осы сұрақтан бастасақ.

– Жұмыссыздық – қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Осыған байланысты мемлекет тарапынан бірнеше бағдарламалар қолға алынған болатын. Осы орайда, Елбасының алдымызға қойып отырған міндеттерін орындауда шаһарда барлық бағдарламалар өз деңгейінде орындалып жатыр деп толықтай айтуға негіз бар.

Бүгінгі таңда Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мемлекеттік әлеуметтік қызметтің 17 түрін көрсетеді. Нәтижесінде, қала халқының әлеуметтік жағдайында біршама ілгерілеушілік байқалады. Мәселен, қала халқының саны 683,3 мыңды құраса, соның 346,8 мыңы, яғни 50,1 пайызы экономикалық белсенді топқа жатады. Соңғы 3 жылдың деректеріне көз жүгіртсек, жыл өткен сайын қала халқының әл-ауқаты жақсара түскен.

Сондай-ақ, жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту шаралары да бір ізге қойылған. Жұмыссыздықтың алдын алу шаралары бойынша былтырғы жылдың 1-ші тоқсанымен салыстырғанда биылғы 3 айдың көрсеткіштері жаман емес. Айтылған мерзім аралығында 3417 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда әлдеқайда артық. Жұмысқа орналасқандардың 356-сы өнеркәсіпте, 148-і денсаулық сақтау саласында, 374-і білім беру мекемелерінде, 14-і ауыл шаруашылығында, 102-і құрылыста, 73-і сауда-саттықта, 218-і қызмет көрсету орталықтарында, 69-ы көлік және байланыс саласында және тағы сондайы мейрамханалар мен қонақ үйлерде жұмыс жасауда. 1994 азамат басқа салаларда еңбек етуде.

– Жаңадан ашылып жатқан жұмыс орындары жайында әңгіме етсек. Қалада соңғы жылдары қанша жаңа жұмыс орны ашылды? Алдағы уақытта тағы да қаншасы ашылмақ?

– 2013 жылы қала бойынша 12 577 жаңа жұмыс орындары ашылса, биылғы 3 айда 580 жаңа жұмыс орындары ашылды. Атап айтсақ, өнеркәсіп саласында – 97, сауда-саттықта – 83, денсаулық сақтау саласында – 63 және 339 орын басқа салалардан ашылып отыр. Бұл көрсеткіш жыл соңына дейін өзгереді.

– «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының жүйелі жұмыс жасап жатқанын білеміз. Нәтижесі қандай?

– Жол картасы бойынша елімізде 9 мың жоба іске асырылып, 392 мың жұмыс орны құрылды. Шамамен 150 мың адам даярлауға және қайта даярлауға жіберілді, олардың жартысына жуығы жұмысқа орналастырылды. 192 мыңнан астам адам әлеуметтік жұмыс орындарына және жастар практикасы шеңберіндегі жұмыс орындарына орналастырылды. Шымкентте бұл бағдарлама 2 бағытта жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Олар бірінші – «Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебiнен жұмыспен қамтамасыз ету» және үшінші бағыт – жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу.

Биыл шаһарда бiрiншi бағыт — бойынша 22 жоба белгiленіп отыр. Маусым айының соңында барлық нысандардың күрделі және орташа құрылыс жұмыстары аяқталып, ашылатын 658 жұмыс орнына 334 азамат жолданбақ. Ал, үшінші бағыт – жұмыссыз, өздігімен жұмыспен қамтылған және аз қамтылған адамдары тұрақты жұмысқа орналастыруды көздейді. Бұл бағыт бойынша 2013 жылы 6504 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Осы жылдың 3 айында 1000 әлеуметтiк жұмыс орындарын ашуға келісiмшарттар жасалып, соның 905-і қанағаттандырылды. Жастар практикасын ұйымдастыруға 1000 жұмыс берушi тартылған болса, соның 730-на түлек жолданды. Сондай-ақ, жоспарланған 2953 адамның 684-і тұрақты жұмысқа орналасты. Осы айда 540 азамат кәсіби оқуға жолданатын болады. Сонымен қатар әлеуеті төмен елдімекендерден қоныс аударған 72 жанұяға және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 212 (29 жасқа дейінгі) отбасына пәтер кілті табыс етілді. Жыл соңына дейін тағы да 156 жанұяны қоныстандыру жоспарда бар.

– «Жастар тәжірибесі» бағдарламасының аяқ алысы қандай? Белсенділігі байқала ма?

– Шүкір жаман емес. Айта кетейін, ағымдағы жылдың 3 айында Шымкент қаласында «Жастар тәжірибесі» бойынша 730 түлек жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жаман көрсеткіш емес. Мәселен, 2013 жылдың қорытындысы бойынша «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына жоспарланған 1752 адамның орнына 2927 түлек қатысып, оның 1884-і тұрақты жұмысқа орналасқан болатын. Биыл да осы межені көздеп отырмыз.

Қазiр аймақтық еңбек нарығында сұранысы жоғары мамандықтар жетерлiк. Демек, кәсiптiк немесе жоғары бiлiм алуға ұмтылған әрбiр азамат егер де жұмыссыз қалмаймын десе, сол мамандықтарға бейiмделгенi дұрыс. Әйтсе де, жұмыссыздардың басым көпшілігін қолында дипломы бар жастар мен әйелдер құрайды. Өйткені, көптеген мекемелер жас мамандарды «iс-тәжiрибең жоқ» деген желеумен жұмысқа алмайды. Сонымен қатар, жұмыс iздеген жастардың iшiнде экономист, заңгер, педагогикалық мамандықтардың иелерi көп. Оған мамандыққа сай жастардың көпшiлiгiнiң төмен бiлiктiлiк деңгейiн қосыңыз. Осындай жағдайда «Жұмыспен қамту бағдарламасының» бiрiншi бағыты «Жастар тәжірибесінің» пайдасы мол. Бұл жоба білімі бар, бірақ кәсібі жоқ жастарға көмектесуге арналған. Біріншіден, 6 ай бойы мемлекет қазынасынан жаңадан жұмысқа орналасқан маманға мемлекет қазынасынан жалақы төленiп отырады. Екіншіден, осы уақыт аралығында білімін іс-тәжірибеде шындап, өзiн көрсетуге мүмкіндік алады. Десек те, жас маман қаншалықты білікті, білімді болса да, кейбiр жұмыс берушi жастар практикасына қатысушыларды жұмысқа алмай жатады. Сонда мемлекет алты ай бойы жарты айлықты босқа төлеп келген бе? Жоқ, оның жауапкершiлiгi бар. Ол азамат кәсiби оқытуда болсын, әлеуметтiк немесе жастар практикасында болсын, мiндеттi түрде тұрақты жұмысқа орналасуы керек. Мiне, бiздiң негiзi бақылауға алатын жұмысымыз осы. Ал ауылға қажет деген мамандыққа оқып, кейiн жұмыс iстемей қашып жүргендер болса, олар өзiн оқытуға жұмсаған мемлекет қаржысын керi қайтаруы тиiс. 4 жақты келiсiмшарт бойынша оқып келген маманды жұмысқа қабылдамаса, онда жұмыс берушi кiнәлi. Мұның барлығы жұмыспен қамту саласындағы мемлекет берiп отырған әлеуметтiк көмек. Жұмыс берушi осыны түсiнуi керек.

– Аз қамтамасыз етілген отбасылардың жағдайын жақсартуға қаншалықты күш салудасыздар? 

– Аз қамтамасыз етілетін азаматтарға бөлім тарапынан мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақы және тұрғын үй көмектері көрсетіледі.

Қалада мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті – 382 отбасы алса, 18 жасқа дейінгі балалары бар отбасылар саны – 4865. Тұрғын үй көмегі – 489 жанұяға көрсетіледі. Сонымен қатар, жұмысқа жарамды отбасы мүшелерін тұрақты жұмысқа орналастыруға, қайта оқытуға көмектесеміз. Одан бөлек аз қамтамасыз етілген отбасыларға жылына бір рет бір қап ұн, қант, күріш, пен шай мен май таратамыз. Қыс мезгілінде көмірмен жәрдемдесеміз.

Десек те, арамызда оңай олжаға кенелуді көздейтіндер де жоқ емес. Олар тер төгіп, еңбек еткеннен гөрі, мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақыларды алғысы келеді. Десек те олар еңбектiң наны тәттi екенін ұмыт қалдырады. Жалқаулық пен масылдықтан арылып, бойдағы бар әлеуеттi пайдаланып, кәсiп үйренiп, еңбек еткен азаматтың өмiр сүру сапасы мен тұрмыс жағдайы жақсаратыны анық. Жақсы өмiр сүргіміз келсек, үйде қол қусырып отырмау керек. Заманға қарап бой түзеп, кәсiп игерiп, бiлiктiлiктi арттырып, тұрақты жұмысқа орналасып, мемлекеттен жәрдемақы алумен шектелмей жеке кәсiп ашып, нәсiбiн көрудi көздеуі керек-ақ.

– Зейнет жасындағы қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қандай әлеуметтік көмектер көрсетіледі? 

– Біздің арамызда тіршіліктің сан қилы қиындықтарына тап болып, жарымжан атанған қаншама тағдыр иелері бар. Олар қашанда жылы шуақты мейірімге зәру. Бүгінде мемлекет тарапынан оларға зор қамқорлық көрсетілуде.

Мәселен, біздің мекеме тарапынан 597 адамға әлеуметтік көмек көрсетіледі. Оның ішінде егде жасына байланысты өзіне қарауға мүмкіндігі жоқ қарттардың саны – 441, мүгедек балалар – 94, І -ші және ІІ-ші топтағы мүгедектер – 58, 18 жастан асқан психоневрологиялық аурулары бар адамдар – 4. Оларға мемлекеттен тиісті жәрдемақы беріліп, әлеуметтік көмек көрсетіледі. Яғни, мүгедектер сурдо-тифло, протез-ортопедиялық, гигиеналық құралдар, қоларбалармен қамтамасыз етіледі. ҰОС ардагерлері мен мүгедектері, тыл ардагерлері шипажайларда емделуге құқылы. Жағдайы ортадан төмен зейнеткерлер мен мүгедек азаматтарды азық-түлікпен, көмірмен қамтамасыз ету қарастырылған. І және ІІ топтағы мүгедектер мен қарттар үшін «Әлеуметтік такси» жұмыс істейді.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан – Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ