«Жолынан жаңылғандар көп»

Бақдәулет Әбдірахманов, Ә.Қаттани мешітінің бас имамы
Бақдәулет Әбдірахманов, Ә.Қаттани мешітінің бас имамы
Бақдәулет Әбдірахманов, Ә.Қаттани мешітінің бас имамы

– Бақдәулет Нұрматұлы, ең алдымен әңгімемізді оқырмандар біле жүрсін деген ниетпен, имамдардың негізгі атқаратын қызметі не екендігінен бастасақ. 

– Имамның жұмысы Құдайы тамаққа барып, дем салып, жаназа шығарумен ғана шектелмейді. Елбасымыз ҚМДБ-үлкен сенім артып отыр. Ал Діни басқарма жергілікті имамдарға жауапкершілік жүктеді.

Біздің мақсатымыз, мұсылман бауырларымызға сапалы білім беріп, дұрыс бағыт көрсетіп, ата-бабаларымыз ұстанған Ханафи мазхабы бойынша тәрбиелеп, насихаттау. Жалпы, имам сөзінің мағынасы «алда тұрушы» дегенді білдіреді. Міне, біз, әсіресе, жастардың арасында тура жол, шынайы ақиқатты көрсету мақсатын ұстанып, әрдайым алда тұруымыз керек.

Қазір жасыратыны жоқ, Оңтүстіктің өзінде «жолынан жаңылған» жастарымыз бар. Біз солармен сөйлесіп, ұғындырып, пиғылдарын байқап, жүзге бөлінсе де дінге бөлінбеген ата-баба жолына тартуды көздеп отырмыз.

– Шынында бір дінде бірнеше тармаққа бөлініп жүрген бауырларымыз аз емес. Оларды ортақ мүдде мен бірлікке шақыру жолында қандай жұмыстар атқарасыздар? 

– Жамағатқа насихат айтып, сабақ өткізіп жатырмыз. Аптасына үш мәрте өтетін сабаққа әркім қалауымен қатысады. Сол сабақ арқылы көптеген жастар өздеріне керекті мағлұматтар алып жатыр. Сабақ фикһ пен ақида бойынша жүргізіледі. Ақида сабағы сенім тұрғысында ой қозғайды. Өйткені сенім мәселесінде бір көзқараста болмасақ, ешқашан біріге алмаймыз. Біз сенімнен ешқашан жаңылмауымыз керек. Көптеген бауырларымыз осы сенім мәселесінде адасып жүр.

Бақдәулет Әбдірахманов – 1979 жылы Сарыағаш ауданы, Абай ауылында туған. Шыңғысбай қажы мешітінің жанындағы Арыстанбаб медресесін, Халықаралық Қазақ-Араб (Отырар) университетінде Араб тілі дінтанушы мамандығы бойынша білім алған. Алғашқы еңбек жолын Орталық Қазақстан облысында бастаған. Жезқазған, Сәтбаев қаласындағы орталық мешіттерде имам болып қызмет атқарған. 

Мысалы, Құран аяттары мұхкам, мүташабиһ аяттар деп екіге бөлінеді. Мұхкам – мағынасы ашық келген аяттар. Зекет беру, намаз оқу секілді әмірлер ашық түрде айтылып отыр. Бұл жерде талас жоқ. Ал Мүташабиһ аяттары деп, мағынасы жабық, астарлы түрде келген аяттар айтылады. Құранда «Аррахман алал арши фистауа» деген аят бар. Осыны тікелей мағынасында аударсақ «Алла Тағала арштың үстінде тұр» деген сөйлем шығады. Егер біз кейбір сенімінен адасып жүргендердің пікірімен санасып, аятты тікелей мағынасында қабылдасақ діннен шығып кетеміз. Өйткені Алла тағала арштың үстінде аяғымен тұр, немесе, бөксесімен отыр деп ойлаған боламыз. Бір бауырларымыз «Алланың көзі де, аяғы да бар, бірақ біз оны көз алдымызға елестете алмаймыз. Ол Алланың өзіне ғана тән мүшелер» деп, христиан дініндегілердің көзқарасымен сәйкес пәлсапа айтады. Бұл дұрыс емес. Өйткені, Жаратушы иеміз Құранда «мен жаратылыстардың ешқайсысына ұқсамаймын» деген. Алланың мекенін, жаратылысын біле алмаймыз.

Міне, осындай керағар көзқарастар мен пікірлер сенім мәселесіне сына қағып, көптеген бауырларымыздың теріс ағым ықпалында кетуіне себеп болып жатыр. Сондықтан біз сеніміміздің бір жерде тоқайласып, ортақ ұғымға келтіру жолында жұмыс жасап жатырмыз.

– Сол теріс ағым ықпалында кетіп қалғандарды сенімдерінен арылтып, қайтарып алуға мүмкіндік бар ма? Мәселен, 150 адамның Сирияға жиһадқа кетуі де осы «сенімнің» салған ылаңы емес пе?

– Ғалымдар осы ағымға «саратан» деген атау берді. Саратан дегеніміз дерт. Адам баласы жан мен тәннен жаралған ғой, саратан, жанның ауруға ұшырауы. Жоғарыда айтылып отырған «жиһадқа» аттанғандар осындай жан ауруына шалдыққандар. Олар тек имамдар ғана емес, тұтас мемлекет болып күресуге тиіспіз. Қазір ішкі саясат, имамдар, тағы басқа біраз орталықтар жұмыс жасап жатыр. Десек те, жалпы қоғам, мемлекет, халық болып жабыла жұмылмасақ, қайтару қиынға түседі.

Жоғарыда Жезқазғанда жұмыс істегенімді айттым. «Жиһадшылардың» көпшілігі сол жақтан кетті. Оларға ешбір имам «Сирияда мұсылмандар қырылып жатыр. Барып, көмектесіңдер» демеген. Сол теріс сенім, мен жалған ағымның ықпалы жүзден аса бауырымыздың ажалға аттануына себеп болып отыр.

Сол жақта жұмыс істеген жылдары төрт жүзден аса баланы сауат ашу курсында оқытқан екенбіз. Сол төрт жүзден аса баланың ешқайсысы кетпеген. Өйткені олар Ханафи мазхабында сауат ашып, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсініп, ақ пен қараны ажырата алатындай білімге ие болды.

Айта кетейік, жиһадтың өз шарттары бар. Мысалы, патша арнайы бұйрық беруі қажет. Патшадан кейін ата-ананың рұқсаты керек. Жиһад Отаныңды, ұрпағыңды, жеріңді қорғау сияқты нақты мақсатта жүзеге асады. Не үшін, кім үшін соғысатыныңды білуің керек. Ал Сирияға кеткендер кімнің отанын, кімнің жерін қорғап жүр? Ол соғыс саясаттың салған ылаңы. Сирияның үлкен ғұлама ғалымдары елдерін тастап Түркия, Египет сияқты елдерге көшіп кетті. Өйткені, Пайғамбарымыз с. а. с. «Фитна шыққан жерден қашыңдар» деген. Сириялық ғалымдар осы хадисті ұстанып, елдерін тастап кетті. Өз елінің ғалымдары фитнадан қашып жатқанда дұрыс білім мен тәрбие алмаған, керағар сенімге уланған кейбір мұсылман бауырларымыз ажалына асығып жүр. Не дінін, не тілін, Отан, бала-шағасын қорғау мақсаты жоқ, Патшадан да, ата-анадан да рұқсат алмаған қаракөздеріміз айдаладағы біреуге қолшоқпар болып жүр. Қарап отырып ішің ашиды.

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында дініміз қайта оралды деп қуанып, намаз оқитындарға құрметпен қараушы едік. Қазір намаз оқитындардан қорқатын болдық. Сонда не ұттық, неден ұтылдық?

– Құранда «Алланың алдында қабыл болған дін – Ислам» дейді. Ислам ынтымақты, бірлікті, тыныштық пен бейбітшілікті мұрат еткен дін. Ағымдар Пайғамбарымыздың с. а. с. кезінде де шыққан. Бірақ Алла Тағала дінін өзі қорғайды. Дініміз оралғалы ұтқан да, ұтылған да жеріміз бар. Ұтқанымыз, ата-бабамыз ұстанған сара жолды қайта қолға алдық. Бабаларымыз өте тақуа өмір сүрген. Бір ақсақалымыз уағыз айтса жылап тыңдайтындар болған. Тұтас ауыл діннен хабары мол, білімді ақсақалдың ақылына құлақ асып отырған. Өкінішке қарай, қазір уағыз айтсаң, құлағына құлаққап салып, басқа нәрсе тыңдап, болмаса өз алдына бірдеңе оқып отыратындар көп. Олар жоғарыда айтқанымыздай кейбір адасқан ағымның өкілдері. Оларды ұрысып та тыңдата алмайсың.

Бұрынғы аналарымыз қандай еді? Кимешек, сәукеле, қос етек көйлек киіп жүретін болған. Бөтен еркекке, тіпті, қайнысына тобығын көрсетіп алса, бетін басып ұялатын, ибалы болған ғой. Ал қазіргі қыздарымызда онда иба, әдеп бар ма? Кіндігі ашылған, қысқа етек көйлек, денесін бұлтитып шалбар киіп алған. Жас қыздар түгілі кейбір аналарымыздың өзіне қарауға ұяласың. Міне, біз бұрынғы бабаларымыз өткен ибалылық пен әдептілік жолын көптеп дәріптеуіміз керек. Өкінішке қарай осы жағынан жеңіліп жатқан сияқтымыз.

Тағы бір мәселе түрлі ағымдар. Таза ауа кірсін деп терезені ашсаңыз таза ауамен бірге шаң-тозаң кіреді емес пе. Сол секілді дінге еркіндік берген кезде өзге ағымдар да қаптап кірді. Қазір көптеп белең алып кеткен кертартпа ағымдармен біз бірігіп тұтас мемлекет болып күресуіміз керек.

Осы арада айта кетер жәйт, Оңтүстікте 700-800-дей мешіт бар. Солардың ары кетсе, отыз шақтысының имамы ғана жалақы алады. Басқалары тегін жұмыс істейді. Сондықтан имамдарды бекерге қаралай беруге болмас.

Біздің кез келген имамдарымыз кейбір шенеунікке қарағанда әлдеқайда патриот. Өз ұлтының намысы, Отанының тыныштығы, елінің амандығы үшін аянбай тер төгуге дайын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Пернебай САПАР