Жаңалықтар 

Банкоматтар бірігеді

25-015

Осыдан бір жыл бұрын Ұлттық банктің экс-төрағасы Григорий Марченко елімізде бірыңғай процессингтік орталық құру қажеттілігі туралы айтқан болатын. Марченко өзінің бұл мәлімдемесін екінші деңгейлі банк-тер банкоматтарының барлығы бірдей пайдаланылмай-тындығымен, бір банк карточкасымен басқа бір банк банкоматының қызметін қолданғанда ұсталатын комиссияның көптігімен түсіндірген еді. Экс-төраға: «Нарықтағы банк бөтен банк карточкасына қызмет көрсеткенде 5%-ға дейін комиссия ұстайды», – деп айтты.

Қайрат Келімбетов, Ұлттық Банк төрағасы: 

– Ұлттық банк «Міндетті бірыңғай процессингтік орталық» жүйесін құруды ұсынған болатын. Бүгінгі күні бұл процестер ЕДБ процессингтік орталықтары арқылы жүргізіліп жатыр. Олардың саны оннан асады. Бұл нарықтағы ең ірі мекеме – Халық Банк пен Қазкоммерцбанк. Осы екі банк жоғарыда аталған қызметтерді атқарады. Біз Visa, MasterCard халықаралық төлем жүйелерін пайдаланамыз және төлемдерді осы карточкалардың көмегімен жасаймыз. Өткен 2 жыл ішінде Ұлттық Банк осы ұсынысты жасағанда банк лоббиі оны үкімет деңгейінде бұғаттап тастады. Теңге транзакциялары ел ішінде жүргізілуі тиіс. Банктердің әртүрлі процессинг орталықтары арасында бәсекелестіктің болғаны өте маңызды. Біз бұл жүйені ерікті түрде жыл соңына дейін жетілдіріп, жүйенің құрылған нұсқасын назарларыңызға ұсынамыз.

Марченко сол кезде бірыңғай процессингтік орталық құру қаралып жатқанын мәлімдеді. Оның сөзінше, бақылау пакетінің – 51% акциясы Ұлттық банкке тиесілі болады, ал қалғаны коммерциялық банктердің еншісінде. Компания барлық банкоматтар мен POS-терминалдарға иелік етеді және осыған сәйкес, аппаратты қайсысы орнатқанына қарамастан, оны пайдаланғаны үшін тарифтер бірыңғай болмақ. Бұның барлығы қаржылық қызметтер тұтынушыларының құқын қорғауды қамтамасыз етуге негізделген.

25-016

Алайда, оның бұл ұсынысы елдегі екінші деңгейлі банктер тарапынан үлкен қарсылыққа ұшыраған болатын. Олар мұны рейдерлік деп атап, көптеген жылдар бойына құрған бизнесімізді «соғыссыз» тартып алу деп ашынды.

25-017

Тыныштық ұзаққа созылмады. Аз уақыт бұрын Ұлттық банктің бас төрағасы Қайрат Келімбетов: «Міндетті бірыңғай процессингтік орталық» жүйесін құру нұсқасы жыл соңына дейін таныстырылады. Біз үкімет пен мемлекет басшысына хат жолдадық, бұл жүйені ерікті түрде дамытуға шешім алдық», – деді. Мәжіліс вице-спикері Дариға Назарбаеваның төрағалығымен өткен «Нұр Отан» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында «осылай» деген Келімбетовтің мәлімдемесі жер-жердегі банкоматтары мен POS-терминалдарының «нанын жеп отырған» банктерді тағы да «алаңдатып», қарапайым жұртшылықты елең еткізді.

25-018

Төлем карталарына қызмет көрсететін орталықтандырылған жүйенің операторы кім болатыны әзірге белгісіз. Комиссиялық мөлшерлеменің қаншалықты төмендейтіні де беймәлім күйінде қалып отыр. Бір жағынан, «Міндетті бірыңғай процессингтік орталық» жүйесі Қазақстанның қаржы нарығындағы ірі ойыншылар тарапынан қолдау таппады. Олар «бірыңғай орталық» жағдайында бір банктің мәліметтері екінші банкке белгілі болып қалады деп қауіптенеді. Жүйедегі банкоматтардың инкассациялық шаруаларына қатысты да шешілмеген сұрақтар бар. Банктегілер не десе де, бірыңғай процессингтік орталық жүйесі жыл соңына дейін құрылатын болды.

Жәнібек НҰРЫШ

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz