Оңтүстікте тағы бір мешіт ел игілігіне берілді

977
"Бараш апа" мешіті

Қасқасу ауылының тұрғындары құлшылық үйіне қол жеткізіп, үлкен қуанышқа бөленіп отыр. Жерлесіміз Бараш Төлешованың қаржылық қолдауымен қабырғасы қаланған мешіт Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қарамағына берілді. Осылайша киелі Рамазан айының қарсаңында облысымз тағы бір Алланың ақ үйімен толықты.

Сәулет өнерінің сұлулығы мен Құдайға деген риясыз құлшылықты енді осы мешіттен көруге болады. Алланың ақ үйі Қасқасу ауылының тұрғындарынан бөлек таулы аймаққа сапарлап келетін мыңдаған саяхатшының да көзайымына айналып отыр. Осылайша мың көркем шеберлікпен салынған мешіттің көркі алыстан-ақ көзге ұрады. Бұл – әлем мойындаған бірегей мұнара құрылысының бедерінен болса керек.

"Бараш апа" мешіті
«Бараш апа» мешіті

Омар Жанқалов, Қасқасу ауылының әкімі: «Қасқасу ауылдық округінде биыл қуанышты жыл болып отыр. Себебі, жыл басынан бірнеше әдемі де әсем ғимараттар салынды. Мәселен, әкімшілік ғимаратымыз бой көтерді. Полиция бекеті де ашылды. Бәрінен бұрын Бараш апамыздың бастамасымен ауылымызда үлкен мешіт салынып, қуанышымыз қойнымызға сыймай жүр.»

Мешіттің аумағы 220 шаршы метрді құрайды. Құдайға құлшылық үйінде бір сәтте жүзден астам адамның намаз оқуына мүмкіндігі бар. Тіпті, аязды, суық күндері жамағат мұнда өзін жайлы сезінеді. Себебі, дербес жылу қазандықтары жұмыс жасайды. Мешіттің салтанатты ашылу шарасына құрылыстың бас орындаушысы және жетекшісы Тоқтар Төлешов, облыстық діни басқарманың өкілдері және құжат рәсімдеуші мамандар қатысты.

Талғат Әсембай, дінтанушы: «Пайғамбарымыз (с.а.с.) өз өсиетінде үш нәрсенің сауабы ешуақытта үзілмейді, тоқтатылмайды деген екен. Оның біріншісі – көпшілік пайдаланатын көпір, мешіт салынса, екінішісі – жақсы, тәрбиелі ұл-қыз тәрбиелесе, үшіншісі, шәкірт тәрбиелесе. Бұлардың сауабы ешқашан үзілмейді, сол құлшылық үйін салдырған адамға тиеді. Пайғамдарымыз (с.а.с.) мешіттің бір кірпішін қалаған адамға жұмақтан арнайы орын беріледі деген. Сондықтан, кірпіш тұрмақ, мешіт салған Бараш апаға үлкен рахмет айтамыз.»

Айта кетейік, осынау сәулеті мен сәні келіскен Алланың ақ үйінің құрылысына 110 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалыпты. Киелі Рамазан айы қарсаңында жамағатқа жомарттық танытқан Бараш Төлешоваға көптің айтар алғысы шексіз. Және мейірім мен сүйіспеншілікке толы мешіт енді құлшылық үйі ғана емес, таулы аймақ – Қасқасудың көркіне айналып отыр.